KFW Astana сахнасын тойға айналдырған дизайнерлер сынға ұшырады!

Сообщить о проблеме с эфиром

Тойфэшн! Бұдан былай тек эстрада жұлдыздары ғана емес, еліміздің сәнгерлері де тойға қызмет етпек. Соның бірі – KFW Astana-да топтамасын таныстырған Наиль Байкучуков. Дизайнер бұл бастамасы үшін әбден сынның астында қалды.

KFW Astana-ның соңғы күні 11 дизайнерге өз топтамасын таныстыру тапсырылды. Сәнқойлардың басын қосқан кеште, бұл жолы Аида Кәуменова алғашқы болып қолынан шыққан туындыларын ел назарына паш етті.

Үлгілеріне «Сәукеле» деп ат қойған Кәуменова ханым, топтамасын ақ келін атанғалы жүрген аруларға арнапты.

Аида Кәуменова, дизайнер:

-Қыз ұзату тойы болғаннан кейін, біздің қазақтар біздің сәукелемізді алады. Біздің жас, тұрмысқа шыққан қыздарға өте керек зат.

Ал, өзгелерден оза шауып, көзге түскендердің тағы бірі – Наиль Байкучуков. Аида сынды, топтамасын той тақырыбына арнаған дизайнер, сән сахнасын кішігірім қыз ұзатуға айналдырды.

Осылайша, сән саласына жаңадан «тойфэшн» тіркесін енгізген Байкучуков, қатал сынға ұшыраса да, алған бетінен қайтпақ емес.

Наиль Байкучуков, дизайнер:

-Көптеген дизайнерлер Еуропаға еліктейді. Меніңше, шетелді қайталаудың қажеті жоқ. Себебі, біздің елде адамдар қымбат киімді тойға, ұзатуға киеді. Сондықтан, сұранысқа сай топтама әзірледім.

Ал, фэшн апталыққа қатысқан қадірлі мейман Яссен Самуиловқа қазақстандық әріптестерін түсіну қиынға соғары сөзсіз. Себебі, франциялық сәнгер Мадонна, Ники Минаж сынды танымалдармен ғана жұмыс істейді.

Яссен Самуилов, дизайнер:

-Жұлдыздар ешкімде жоқ ерекше киімді жақсы көреді. Сондықтан да, біздің сән үйіміз эксклюзивті туындылар тігуге бағытталған.

Екі күнге созылған сән салтанаты осымен аяқталды. Ал ұйымдастырушылар, келер жылы да ауқымды шоу өткізетіндерін айтып, фэшн уикты қорытындылады.