Вайнштейнді айыптаған актрисалар, енді бас тартуы мүмкін...

Сообщить о проблеме с эфиром

Нью-Йоркте дүйім Голливудты дүр сілкіндірген, Вайнштейнге қатысты сот басталған еді. Алайда, бұл жолы да әйгілі продюсер істен сытылып кеткендей. Ал, Харвиді аяусыз айыптаған актрисалар, киномагнатқа қарсы жақ ашар емес.

Айыптың астында қалған Вайнштейн, қолымен істегенін мойнымен көтерейін деді ме, Нью-Йорктегі полицей бөлімшесіне өз еркімен келген. Алайда, халықтың қуанғаны сол-ақ еді, Харвидің еркіндікке шыққаны белгілі болды. Атышулы киномагнат кепілге 1 миллион доллар беріп, уақытша босатылды.

Енді, Голливудтық актрисалардың қорқынышты түсіне айналған Харвиге, электронды білезік тағылып, бұдан-былай Нью-Йорктен аттап шығуға тыйым салынған. Продюсерге, екі әйелге сексуалды зорлық-зомбылық көрсетті деген айып тағылып отыр.

Биньямин Брафман, адвокат:

-Вайнштейн мырза соңына дейін, өзінің ақ екенін дәлелдеуге құлықты. Айып тағушылардың нақты дәлелі жоқ. Сондықтан, жәбірленушілердің сөзі де әлі тексерілетін болады.

Басы-қасы Харвидің үстінен 70-ке жуық әйел шағым түсірген еді. Олардың ішінде Анджелина Джоли, Сальма Хайек, Ума Турман сынды танымалдар да бар. Алайда, Вайнштейнге қатысты тек екі іс сотқа жетіпті. Қалғандары мерзіміне қатысты жарамсыз деп танылған. Ал, кеше ғана айыпты қарша боратқан кейбір актрисалар болса, енді жұмған аузын ашуға асықпайды.