Жаңа құрамдағы «Кешью»! Элизат, құрбыларымен қалай қоштасты?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Баян Алагөзова «Кешьюді» жаңа құраммен қайта жасақтады. Атышулы ұжымға қабылданған өрімдей қыз - 17 жаста екен. Ал, тосыннан топтан кеткен Элизат Берікова, тұрмысқа шығыпты.

Элизат ұжымдағы міндеттерін мүлтіксіз атқарып келгенімен, сүйікті жігітін жолықтырғалы жанкештілігі бәсеңси бастаған. Әнші қыздың қызметіне деген қызығушылығының жоғалғаны, Баян ханым мен жанындағы бұрымдыларға да байқалыпты.

«KeshYOU» тобы: -Элизаттан өзім байқағаным, әттең-ай осылай болайын деп жатыр, топтан кетейін деп жатырмын деген сөзі болды. Бір жағынан кеткісі келеді, бір жағынан кеткісі келмейді, ұялып.

Баян басқаратын орталық, үшіктің жаңа әншісін шарқ ұрып шартараптан іздемеген. Ақбота Құрманғали – «Қазақ аруы-2018» байқауының қатысушысы. Сұлу қыз аталмыш сайыста топ жармаса да, көзі қырағы продюсерлер «Кешьюдің» кезекті мүшесін сол кезде-ақ анықтап қойыпты.

«KeshYOU» тобы: -«Қазақ аруына» қатысқаннан кейін, сол күні маған координатор хабарласты. Нөмеріңді ауыстырма, біз саған хабарласамыз, сені «КешYOU» тобына резервке алдық деді. Содан, бір 10-15 күн өткеннен кейін, дайындықты бастап кеттік.

Ал, атышулы ұжымның экс-әншісі Жұлдыз Өмірғали, топ тығырыққа тірелген шақта жәрдемдесуге келіпті.

«KeshYOU» тобы: -Ақбота дайын болғанша, біз Жұлдызды ала тұрдық. Өйткені, алдын-ала алынып қойылған концерттер бар. Көбісі ойлады, Жұлдыз топқа қайта келді деп.

Сонымен топ құрамы тұрақталды! Жұртты жеке өміріндегі жаңалықпен ғана дүрліктіретін сылқымдар, әзірге сүйіктіміз жоқ деп сендірді.

«KeshYOU» тобы: -Мен өзім жиырма үшке келемін жақында. Әлі сүйген жігітім жоқ. Ақбота өзі 17-де. Қайдағы сүйген жігіт..?!

Сондықтан, Баян басқаратын топтың жұмысы жалғаса бермек. Жақында жаңа құраммен, кезекті клиптің түсірілімі басталады.