Головкин мен Альварес қарымта жекпе-жек өткізуге келісті!

Сообщить о проблеме с эфиром

Спорт әлемін дүр сілкіндірген тағы бір ақпарат. Геннадий Головкин мен Сауль Альварес ресми түрде қарымта айқасқа шығады. 15-қыркүйекке жоспарланған жекпе-жекке келісу үшін, қос боксшының командасы біраз тер төккен. Енді, жерлесіміз қанша пайда таппақ?!

Головкин мен Альварестің қарымта айқасын көрген де, көрмеген де арманда.. Себебі, орта салмақтың қос серкесі, бүгінгі таңда мол ақшалай кіріс әкелетін - бокстың мега жұлдыздары. Канело допин-дауға ілігіп, GGG-мен мамырдағы жекпе-жегі өтпей қалғанда, миллиондаған жанкүйердің күйзелгені анық. Өйткені, спорт тарихында рингтегі мұндай ауқымды шоу күнде бола бермейді.

Жұрт енді қанша жыл күтер екенбіз деп, әліптің артын бақты...

Дегенмен, жаһандық бокс жакүйерлерінің тілегі қабыл болып, қос тарап әйтеуір келісімге келді. Отандасымыздың командасы, әу баста ақшалай сыйақыны 50/50 деп қақ бөлісеміз деген саясатты ұстанған. Алайда, келіссөз тығырыққа тіреліп, T-Mobile аренасының қожайындары іске араласқан деседі. Енді, жекпе-жектен түсетін жалпы табыстың, 57,5%-ы мексикалық боксшыға бұйырса, Генаға 42,5%-ы тиесілі болмақ. Қаржы 70-30% етіп үлестірілген былтырғы айқастан соң, «Канело» 42 млн доллар, Головкин 24 млн доллар пайдаға кенелген еді. Бұл жолы GGG кем дегенде 40 млн доларды қоржынына салады деп болжануда.

15-қыркүйекте, Лав-Вегас шаһарының T-Mobile аренасында өтетін бұл айтулы жекпе-жек, жарты дүниенің назарында. Головкин мен Альварес айқасында кім жеңімпаз боларын сол күні білерміз. Көптің тілегі - төрешілердің әділдігі!

Ал, 7-шілде күні, Астанада жартылай ауыр және бірінші ауыр салмақтағы әлем чемионы болған қандасымыз Бейбіт Шүменов, неміс боксшысы Хизни Алтункаяға қарсы жұдырықтасады. Бұл титулды кездесу өтетін кеште Батыр Жүкембаев, Абылайхан Құсайынов, Садриддин Ахмедов, Айдос Ербосынұлы және Ибрагим Ескендір рингке шығуы ықтимал.