Алматыда Тәуекелдің тойы өтті!

Сообщить о проблеме с эфиром

Қашан үйленесің?! Бұл Тәуекел Мүсілімге жиі жолданатын сауалдардың бірі. Жеке өміріне қызығушылық танытқан көпшілікке, өнер иесінің жауап берер кезі де келген сыңайлы. Біздің түсірілім тобы, сүрбойдақтың дүбірлі тойына қатысып қайтқан болатын.

Иә, Тәуекел - дәл осы салтанатты шараның басты кейіпкері. Бірақ, талай арудың арманына айналған сері, кезекті картинада өзіне жүктелген рөлді сомдау үстінде. «Той kz» деп аталатын фильмнің бас продюсері - Жан Мұқанов.

Жан Мұқанов, продюсер:

-Негізі Тәуекел екеуміз бір кезде отырып сөйлескенбіз. Сол кезде Тәуекел: «Барлығы шаршатты жан-жақтан. Қашан үйленесің, қашан үйленесің» - деп айтты. Сол кезде мен: «Тәуекел, енді осы туралы түсірмейміз бе? Айтайық енді қашан үйленесің, не болар екен, қашан деген сияқты» - дедім.

Бір қызығы басты кейіпкердің аты-жөні де Тәуекел Мүсілім. Романтикалық комедияда 30 жасқа келсе де, отау құруға асықпаған жігіттің өмірі суреттеледі.

Тәуекел Мүсілім, актер:

-Бұл жерде бір ғана қалыңдық болмайды. Бірнеше кандидат. Сол кандиттардың ішінен мен таңдайтын боламын. Кез-келген ер-жігіттің өмірінде кездесетін жағдай. Жаңағы таңдаудың үстінде жүру. Кинода көбінесе сол көрсетіледі.

Мына кадрларға зер салсақ, Тәуекел серінің актриса Дарья Александаровамен жұп құрғанын байқайсыз. Жас жұбайлардың тойын тамашалауға келген көпшіліктің де қарасы мол. Соған қарағанда, бірнеше үміткер сұлудың ішінен орыс қызы оқ бойы озық шыққан сыңайлы.

Тәуекел Мүсілім, актер:

-Қалыңдықтың бірі. Өздеріңіз көріп отырғандай, тойға арналған әрлеу жүріп жатыр. Бүгін тойы болып жатыр бізде... Дегенмен, бәрін ашып айтпай-ақ қояйын.

Тәуекелдің тойын сипаттайтын толықметрлі картина, желтоқсан айында көрермен назарына ұсынылмақ.