Том Харди «Веном» картинасының тұсауын кесті!

Сообщить о проблеме с эфиром

Tалай арудың жүрегін жаулаған Том Харди болса, кезекті картинасының тұсауын кесті. Лос-Анджелесте суперқаһарман жайлы «Веном» фильмінің премьерасы өтті. Еске салсақ, бұл Marvel комиксіне негізделіп таспаланған Sony-дың тағы бір туындысы.

Келісті келбетімен көз тартатын Том Харди, жаңа лентада құбыжық кейпінде. Сюжет желісінде Эдди Брок есімді тілшінің оқиғасы баяндалады. Өміріндегі сан алуан сәтсіздіктерден кейін, ашуға булыққан кейіпкер бақытсыз күй кешеді. Дәл осындай өшпенділікке толы Брок өзге планеталық тіршіліктің көзіне түсіп, Веном атты жауызға айналады.

Том Харди, актер:

-Веномда аздап жеркенішті кейіпте боламын. Соған қарамастан, мұның өзін керемет дер едім. Себебі, қаһармандардың барлығы әдемі бола бермеуі керек қой.

Алайда, құбыжық кейпіндегі Веном суперқаһарман атанған соң, игі істер жайында да ұмытпайды. Ұсқынсыз келбетіне қарамастан, ол жамандық атаулымен күресе бастайды.

Риз Ахмед, актер:

-Менен барлығы Веном қандай болады деп сұрай береді. Сол кезде, Веном өте өзгеше, керек десеңіз сізді тірідей жеп қоюы мүмкін. Ол Том Хардидің ерекше нұсқасы деп жауап беремін.

Көрерменнің аталмыш картинаға үлкен қызығушылық білдіруі бекер емес. Себебі, «Веном» Marvel комиксіне негізделіп таспаланған Sony-дың туындысы болмақ. Ұзақ келіссөздерден кейін қос тарап әрең дегенде қаһарман кейіпкерлерді бөліп алған еді. Премьераның басты жұлдызына айналған Том Харди болса, туындының баршаға қызықты боларына сенімді.

Том Харди, актер:

-Менің ұлым да Веномның жанкүйері. Сондықтан, атұстарым да картинаны тағатсыздана тосып жүргендер қатарында. Көпшіліктің үмітін ақтаймын деп ойлаймын.

Ал, фантастикалық лентаны отандық көрермен қазанның 4-нен бастап үлкен экрандардан тамашалай алмақ!