Есболат Беделхан «Блэк дайл» тобын таратып тынды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Бастапқыда «Блэк дайлдың» құрамындағы өзгерісті хабарлап, кейін бойзбендтің экс-мүшелерінен 96 миллион теңге талап еткен Есболат, бір шешімге келді. Күні кеше кіші Беделхан өзі басқаратын топты таратқанын мәлімдеді.

Бес жігіттен тұратын «Блэк дайл» бойзбенді 2017-ші жылдың көктемінде тұсауын кесті. Аздаған уақыт ішінде «Рэйванс» атты фан-домын құрды, бір бейнебаян мен бірнеше тректер жазылды. Кейін триоға айналып, ұжымда үш жігіт жұмыс жасауға бел буған еді. Бірақ тасы өрге домаламаған топ тарап тыныпты.

Есболат Беделхан, продюсер:

-Иә, «Блэк дайл» тобы тарады. Топтың тарауы ең дұрыс шешім деп ойлаймын. Басқаша болуы мүмкін емес. Кей кезде жеңілістің өзі бір жеңіске алып келеді...

«Блэк дайлдың» экс-мүшелері мен продюсер арасындағы жанжал Есболаттың абыройына нұқсан келтірген көрінеді. Топтағы тосын өзгеріс өнер иесіне оңай соқпапты. Көпшілік кіші Беделханның кәсібилігіне күмән келтірген.

Есболат Беделхан, продюсер:

-Мені қаралады. Әлі күнге дейін қаралап келе жатыр. Маған тіл тигізіп, менің жұмыс істеу қабілетім, ойлау қабілетім, менің адами қасиетім өте төмен деген ауыр сөздерді жазба, ауызша түрде, бетіме айтылып жатыр.

Бірақ хэйтерлер тарапынан айтылған кереғар пікірлерге Есболаттың еңсесі түспек емес. Керісінше шабыттандырып, жаңа жобалардың жоспарын құрған.

Есболат Беделхан, продюсер:

-Алда күтіп тұрған жұмысым ол... Топ құрмақшымын. Топ шығармақшымын. Және де жеке әнші шығармақшымын.

Ұжымдағы үш вокалистің қазір қайда жүргені белгісіз. Ал, қос рэпер «EQ» тобын құрып, отандық шоу-бизнесте қарқынды қызмет етуде.

Есболат Беделхан, продюсер:

-Балалардың өздерінің істер жақсылық үшін болса, мен оның бәрін қолдаймын!