Айқын сүйіктісіне бейнебаян арнады

Сообщить о проблеме с эфиром

Айқынның кезекті клипі ғашығына арналады. Тіпті өмірлік жары туралы бейнебаян, әнші жігіттің қалтасын біраз жұқартқан көрінеді. Сүйіктісіне деген сезімін суреттейтін видео жайлы Төлепбергеннің өзі айтсын.

Айқын Төлепберген, әнші:

-Бұрынғы клиптерден өзгешелеу, бюджеті де бұрынғы клиптерге қарағанда үлкендеу. Содан кейін ән де орысша. Алдыңғы әндердің бәрі қазақша. Бұл ән орысша. «Ты моя» деп аталады. Өзім әні мен сөзін жазған әнім. Өзі түгелімен идеясын шығарған әнім.

Бұл бейнебаянның режиссерлық тізгінін Ерболат Беделхан өз қолына алып, таспалауға кіріскен. «91» тобының клиптері көңілінен шықса керек, Айқын атышулы продюсерге өзі ұсыныс тастапты.

Айқын Төлепберген, әнші:

-Маған «Найнти уанның» клиптері ұнады да, содан кейін ойладым бұл әнге келетін бейнебаянды Ерболат түсіру керек деп, осы Ерболатпен сөйлестім. «Найнти уанның» клиптері өзі өзгеше ғой. Сондай стильде түсіргім келді толығымен.

Бірақ, Беделхан бұл жолы Айқыннан «Найнти уанның» көшірмесін жасауға құлықты емес.

Ерболат Беделхан, продюсер, режиссер:

-Жоқ, бұл «91» тобына ұқсамайды. Себебі Айқын мен «91» тобының өнері, бағыты екі бөлек. Бұл жерде енді сапа деп айтуға болады.

Қос тарап осыдан бір ай бұрын түсірілім туралы келісіп, соңғы 5 күн бойы дәл осы локацияны дайындаған. Жаңа туындыда Төлепбергеннің ғашығын отандық шоу-бизнестегі танымал бикештердің бірі сомдайды. Айқын клиптегі кейіпкердің есімін құпия сақтағанымен, бейнебаянның өмірлік жұбайына арналғанын айтты.

Айқын Төлепберген, әнші:

-Айтқым келгені жай кез-келген жігіт машинада келіп жатып, әнді қойып өзінің ғашығын есіне түсіреді. Сосын қоңырау шалып: «ты моя если что, ты моя конкретно» деген сияқты... Иә, сүйіктіме арналған.

Айқын романтикаға толы видеосын, жарты айдың көлемінде көрерменге ұсынамын деп уәде етті.