Лондон кинофестивалі

Сообщить о проблеме с эфиром

Лондонда xалықаралық кинофестиваль өз шымылдығын түрді. 62-рет ұйымдастырылып отырған шарада алғашқы болып режиссер Стив Маккуин "Жесір" картинасын таныстырды.

Лондон халықаралық фестивалі 1956 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізілуде. Айтулы шара Британдық кино интституты мен «The times» газетінің қолдауымен ұйымдастырылып келеді. Кинобайқау барысында жыл сайын 50-ден астам елдің туындылары іріктеліп, ең үздігі таңдалады.

Триша Таттл, Лондон халықаралық фестивалінің арт-директоры:

-Биыл шараға қатысушылар көп. Ең қуантарлығы, үміткер режиссерлардың 38 пайызы - нәзік жандылар.

Ал, фестивальдің шымылдығын түру Стив Маккуинге бұйырды. «Құлдықтағы 12 жыл» лентасы үшін «Оскарды» еншілеген ол, «Жесір» картинасының тұсауын кесті.

Стив Маккуин, режиссер:

-Туындыны ең бірінші Чикагода көрсеткім келген еді. Алайда, саяси жағдай мен түрлі тосқауылдың салдарынан лентанының тұсауын Лондонда кеспекпін. Айтулы шарада бірінші болып картинаңды таныстыру - үлкен мәртебе дер едім.

Маккуин ұсынған лентада қарақшылардың бастан өткерген оқиғасы суреттелген. Кезекті қылмысты істің бірінде олар түгел көз жұмып, сүйіктілері жесір атанады. Жалғыз қалған әйелдер сол сәттен күйеулері бастаған жұмысты аяқтауға бел буады.

Мишел Родригес, актриса:

-Лентаны таспалаушы ұжым кіл мықты киногерлерден құралған. Сондықтан, картина міндетті түрде көптің көңілінен шығуы тиіс.

Отандық көрермен болса шытырманға толы драманы, 22-қарашадан бастап үлкен экрандардан тамашалай алады. «Жесір» картинасы ел күткен туындылардың біріне айналып отыр.