«Махаббат кафесін» әкім тамашалады

Сообщить о проблеме с эфиром

Ерке Есмахан көптен күткен тырнақалды туындысының тұсауын кесті! «Махаббат кафесі» картинасын ел назарына ұсынған ол, киносаласына бет бұруға қарсы емес көрінеді. Тағы да фильм таспалауға құлшынып отырған әншінің, алғашқы лентасы ойдағыдай шықты ма?

Алғаш рет продюсерлікті қолға алып, актриса атанған Ерке Есмаханды жаңа туындысымен құттықтауға жұлдыздардың барлығы жиналды. Тіпті, фильмді бірінші болып тамашалауға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек те келді.

Ерке Есмахан, әнші:

-Білмеймін, әлі ештеңе түсініп жатқан жоқпын. Бірақ көңілімнен шықты, күшті. Енді, халыққа жол тартады содан кейін барып, айта жатар халықтың өзі.

Комедияның сюжеті, «Махаббат» кафесінде өрбиді. Әдетте әсем образдарымен таңқалдыратын Ерке қызды, ыдыс жуып, қонақтарға қызмет ететін қарапайым даяшының рөлінде көресіз. Есмаханның кейіпкері, бұзақылық жасап, қаладан ауылға қашып келген Шәріп Серікке ғашық болады.

Шәріп Серік, актер:

-Кездескен кезде жалпы енді, Еркенің айтқан сөздері: «Шако, маған сенің жұмыс істегенің қатты ұнайды, актерлік шеберлігің». Мен күліп айттым сонда, Ерке мен актер емеспін. Менің мамандығым заңгер.

Дариға Бадыковаға «Махаббат кафесіндегі» кейіпкері темекі шегіп үйреткен.

Дариға Бадыкова, актриса:

-Өмірде темекі шекпейтінмін. Негізі ол сценарийде де болмады. Сосын деген Асқар, енді бұл «обиженный қыз» ғой. Бірдеңеге бұған әдет керек болды. Давай темекі шегесің деді. Менің темекіден жүрегім до того айнығаны, бір дубльда 8 штук темекі шектім. Уже съемка дегенде темекі үшін площадкаға келгім келмей қалды.

Сәтті комедия таспалау үшін, түрлі жанкештілікке барған киногерлердің еңбегіне жұлдыздар да өз бағасын берді.

Ғаділбек Жаңай, әнші:

-Енді, шынымды айтайын, Ерке үшін тақымымды қысып отырдым. Себебі, Әбекең бар, Саттар бар олар ойнап жүрген актерлар. Ерке өз рөлін алып шықты деп ойлаймын.

Дәл осылай, әріптестерінің оң ықыласына бөленген Ерке, киносаласында мұнымен тоқтап қалмақ емес.

Ерке Есмахан, әнші:

-Бәрі жақсы болып жатса, барлығы ойымдағыдай болса, кино түсіруден жалықпаймын. Жақсы кино түсіруге.