Меган Марклды әкесі сотқа бермекші...

Сообщить о проблеме с эфиром

Меган Марклдың әкесі болса, патша әулетімен қырық пышақ. Гарри ханзаданың қайын атасы, болашақ немересін өзінен алшақ ұстайтын болса, туған қызын сотқа беруге дайын.

Меган патша әулетінің босағасын аттағалы бері, әкесі Томас қызына деген наразылығымен ел көзіне түсіп жүр. Ол жаңа лауазымға ие болған ет жақыны екеуінің араласпай кетуіне, Гарри ханзаданың отбасын кінәлайды. Бұл туралы ханшайымның әкесі түрлі сұхбаттарда айтудан шаршаған емес.

Ал, Меган болса, Томастың бұл қылығына мән беруге құлықсыз. Бүгінде ол, жүкітілігіне қарамастан жұбайы Гарримен қол ұстаса әлем елдерін аралауда. Аустралияға табан тіреген танымал жұп, саяхаттың соңғы нүктесі ретінде Жаңа Зеландияға ат басын бұрған болатын.

Жергілікті өңірдің мәртебелі мейманы атанған Гарри мен Меганды, Окленд қаласының тұрғындары ыстық ықыласпен қарсы алды. Тіпті, Ханзаданың жұбайы, «әйелдердің сайлау құқығы» шарасының 125-ші мерейтойлық салтанатына қатысып та үлгерген.

Меган Маркл, Гарри ханзаданың жұбайы:

-Жаңа Зеландия 125 жыл бойы өз құқығын қорғап келе жатқандықтан, бәрекелді дегім келеді! Оның ішінде әйелдер мәселесінің назардан тыс қалмауы қуантады.

Бірнеше күнге созылған сапарда, Гарри ханзада мен Меган Маркл, Жаңа Зеландиялықтардың салт-дәстүрімен танысып, мәдени орталықтарын аралап, сондай-ақ, түрлі мерекелік кештердің куәсі болып қайтты. Британдық патша әулетінің сөзінше, танымал жұп халық алдындағы парызын өтеуден еш жалықпақ емес.