Әли Оқапов шоуға құмар әртістерді сынады

Сообщить о проблеме с эфиром

Көптен күткен сәт! Иә, бүгінде тұңғыш концертінің әзірлігінде қызу кіріскен Оқапов, бар күш-жігерін салуда. Бірақ әнші жігіт, шынайы өнерді шетке ысырып, тек шоумен шектелетін әріптестеріне ренжулі. Әлидің ән кеші қандай ерекшеліктерімен ел есінде қалмақ?

Әли Оқапов, әнші:

-Шоудың арқасында, тек қана техникамен жабдықтаудың арқасында, концерт беру мүмкін. Бірақ әсері дұрыс емес болады. Өйткені, барлығы сол жарылған нәрсеге көңіл аударады. Ал әртістің не істегені, не айтқаны есте қалмайды. Сондықтан мақсат сол менде. Әртіс ретінде, адам ретінде өзіңді көрсету.

Иә, есеп беру кешіне білек сыбана кіріскен Әли үшін, әріптестерінің тарапынан кеткен кейбір олқылықтарды оңалтудың сәті түсіп тұр.

Әли Оқапов, әнші:

-Арнайы эксклюзивті тұрғыдағы видео материалдар болады. Ешкім көрмеген архив болады. Естімеген әндер, білмеген ақпараттар, сондай нәрселер көп болады.

Жеке әншілік мансабын алты жыл бұрын бастаған Оқапов, осы уақыт ішінде көптеген жұлдыздармен бірлесіп ән шырқаған. Бірақ бұл кеште жанына жақын әрі таңдаулы дуэттерді ғана – концерттік бағдарламасына қосыпты.

Әли Оқапов, әнші:

-Дәл осы кеште бірде-бір жай ғана қоса салған әнші жоқ. Барлығының өз рөлі бар менің өмірімде, өнерімже және айтар сөзі бар. Мен жайлы, өнер жайлы, өзі жайлы. Сондықтан, санаулы адамдарды мен таңдадым.

Әли бүгінде есейгенін айтады. Әдетте ырғақты репертуар және ерекше би қойылымымен дараланса, енді отандық шоу-бизнесте қалыптасқан өзіндік бағытын басқа арнаға бұрып, ән әлеміндегі аудиториясын ұлғайтуды көздейді. Шығармашылықтағы тың өзгерістің алғашқы қадамын, Оқапов тұңғыш концертінде жасамақ.

Әли Оқапов, әнші:

-Осы концерттің ерекшеліктерінің бірі – мен тек қана өз тыңдарманыма, фан-домыма, жанкүйеріме емес, барлық кез-келген тыңдарманның көңілінен шығатындай репертуар таңдадым. Үлкені де, кішісі де, қазақи, кью-поп, фан-кэй. Осының бәрін біріктіріп, бір репертуар жинақтауға тырыстым.

Әлидің алғашқы ән кеші 19 желтоқсан күні, Астана қаласында өтеді.