«Мэрри Поппинс» лентасының тұсауы кесілді

Сообщить о проблеме с эфиром

Лондонда Памела Трэверс ертегісінің желісі бойынша таспаланған - «Мэрри Поппинс» лентасының тұсауы кесілді. Ең қызығы, картина жарық көрместен, «2018 жылдың ең үздік фильмі» атанған еді.

Көрермен тағатсыздана тосқан туындының премьерасы – нағыз шоуға айналды. Шарада ең әуелі бишілер өнер көрсетіп, меймандардың көңілін көтеруге барын салды. Кейін ғана жұлдыздар жайылған кілем бойымен шеру тартқан еді.

Эмили Блант, актриса:

-Мэрри Поппинстағы әсем туындыларды – болашақ ұрпақ қосыла шырқап жүреді деген үміттемін. Бүгінгі кеш лентаның ерекше атмосферасын жеткізе алғандай.

Тұсауы кесілген су жаңа лента – 1968 жылы үлкен экрандардан көрсетілген «Мэрри Поппинс» хикаясының заңды жалғасы болып саналады. Сюжетке сай, жаңа оқиғалар 25 жылдан кейінгі кезеңді қамтиды. Джейн мен інісі Майкл ер жетіп, енді сиқырлы бала күтуші Мэрри олардың бүлдіршіндерін өз тәрбиесіне алмақ.

Лин-Мануэль Миранда, актер:

-Егер де барлығы ойдағыдай болса, Мэри Поппинс кейіпкердің отбасына келмес еді. Ол тек мәселе туындағанда ғана қонақ болады. Меніңше, біздің өмірге де Мэрри сынды сиқырлы адам керек.

Отбасылық мюзиклда басты рөл – мейірімді бала күтушінің образы әнші әрі актриса Эмили Блантқа бұйырған. Ал, сан буын ұрпақтың сүйікті туындысына айналған ертегіні – лента етіп таспалауды, режиссер Роб Маршалл өз қолына алған еді.

Мерил Стрип, актриса:

-Басында Эмилимен, басымыз бір ортада сыйыспайды деп ойладым. Алайда, күдігім сейіле түсті. Сөйтсем, ол өте ерекше, еңбекор адам екен. Меніңше Роб пен Эмили болмаса, туынды тамаша болып шықпас еді.

Расымен-ақ, «Мэрри Поппинс арамызға қайта оралды» картинасы көрерменге жол тартпай-ақ өз бағасын алып үлгеруде. Туындыны Американың киноөнер институты - «2018 жылдың ең үздік фильмдері» қатарына қосты. Халық болса фэнтезиге 3-қаңтардан бастап өз бағасын бере алмақ!