Барлық құрамды бір клипке тоғыстырған Баянның әрекеті, жаңа «Кешьюді» жарнамалаудың тәсілі ме?

Сообщить о проблеме с эфиром

#Кешью13! Баян басқаратын топтың тарихында тұңғыш рет барлық құрам бір бейнебаянда бас қосты. Жаңа видеоға зер салсақ, кезінде продюсермен тіл табыса алмаған Әуелбекова да жүр. Экс-әншілермен жұрт назарын аударған Алагөзованың айласы, жаңа Кешьюді жарнамалау ма?

Биыл Кешьюге 13 жыл. Атышулы ұжымда жалпы саны 20-ға жуық ару өнер көрсеткенімен, тың туындыға топтан түлеп ұшқан 13 әнші түсіпті. Азулы әртістермен бір алаңда жұмыс жасау жаңа құрамға оңай соқпаған.

KeshYOU тобы:

- Басында кішкене қорқыныш болды. Үлкен әпкелеріміздің, сахнадан 10 жылдан астам жүрген әпкелеріміздің қасында көрінбей қаламыз ба деген сияқты қорқыныштар болды!

Қазіргі құрамның қобалжуы орынды. Өйткені, топтың тұңғышы Әнел Аринова 38 жасқа аяқ басса, «Кешьюдің» кенжесі Ләззат 18-ге енді толыпты. Жас айырмашылығын алғаш аңғарған Әуелбекова, түсірілім алаңында жиі әзілдеген көрінеді.

KeshYOU тобы:

- Әнел Ариноваға қарап: «Между вами 20 лет» - деді. Ләззат екеуі бірге отырып қалған кезде солай әзілдесіп жатты. Басқа әңгіме болып жатса да, арасында бөліп жіберіп соны айтады. Оны клип түсіру барысында Мөлдір Әуелбекованың тарапынан өте көп айтылды.

«Барлық құрамның басын қосу – жаңа Кешьюге жасалған жарнама» - деп топшылғандар да бар. Өйткені, өрімдей қыздарға үйренісе алмай жүргендер көп.

KeshYOU тобы:

- Әлі де қабылдай алмай жатады. Яғни, «алтын құрамды» қайтарыңдар деген сияқты пікірлер. Бізге пиар болу үшін емес, жалпы Кешью үлкен тарих. Ол үлкен жұмыс, үлкен жоба. Сондықтан, 13 жылдық жолын көрсеткісі келген.

Бұл бейнебаянның сюжеті мән-мағынаға тұнып тұр. Жаңа желісінде Әнел, Мөлдір, Зумрад Кешьюдің алғашқы қадамын жасаса, кейін «алтын құрамның» дәуірі басталады.

KeshYOU тобы:

-Сол құрам өзгерген кезде өте көп сын болды. Сол сынмен күресу ретінде Кәмшат Жолдыбаеваның күресін көрсетті.

Клипте Ақбота мен Жұлдыздың жастығы мен мастығы да көрсетілген. Ал, бейнебаян жаңа құрамның жарқын болашаққа деген жоспарымен тәмамдалады!