Баян Алагөзова «Кешьюдің» экс-әншісін ұзатпақ! Ақ келін атанатын ару кім?

Сообщить о проблеме с эфиром

Өнерден гөрі, жеке өміріндегі жаңалықтарымен жұрт назарына жиі ілігетін «Кешьюліктер», әдеттегі үрдістен жаңылмай келеді. Жақында Алагөзованың тағы бір шәкірті тұрмысқа шықпақшы. Қалыңдық атануға қамданған ару – Ақбота Құрманғали!

Ақбота атышулы топта бар болғаны алты айға жуық ән салған. Өткен жылдың мамырында «Кешьюге» қабылданған ару, алғашқы сұхбатында сүйіктісінің жоқтығын айтқан еді. Бірақ болашақ жарын жолықтырса, ақ келін атануға қарсы емес екендігін астарлап жеткізген-ді.

Ақбота Құрманғали, KeshYOU тобының экс-әншісі:

- Оны мен өзім білмеймін ғой. Бір Алланың қолында ол. Көре жатармыз!

Қазір Құрманғали «Кешьюден» кетті. Бір жылдың ішінде бұл бұрымды жүрегінің жартысын да жолықтырып үлгерген. Әнші қыздың сүйіктісі – спортшы Садриддин Ахмедов.

Иә, Ақботаның жүрегін жаулаған жігіт – былғары қолғап шебері! Кәсіби бокстағы сегіз жекпе-жегінде де жеңіске жеткен. Таяуда сүйгеніне сырға салған Садриддин, қуанышты күнінің мерзімін белгілеген жоқ. Бірақ қалыңдықтың құрбылары тойды тағатсыздана тосып жүр!

Назым Әбілдина, KeshYOU тобының экс-әншісі:

- Басқалардан естіп жатырмын. Тұрмысқа шығайын деп жатыр ғой деймін. Құттықтаймын, бақытты болсын.

Ақбота отбасылық өмірді таңдаса, Назым шығармашылығын шыңдауды қолға алған-ды. Бірақ бес ай бұрын топтан кеткен Әбілдинаның әншілік мансабында бірде-бір жаңалығы жоқ!

Назым Әбілдина, KeshYOU тобының экс-әншісі:

- Режиссерды күтіп отырмыз ғой деймін қазір. Ол кісі басқа елде. Қазақ емес, сол кісіні күтіп отырмыз. Сол кісі келгеннен кейін түсіреміз ғой деймін.

Айтпақшы, Назыммен қатар ән салған Балжан да үнсіз. Бір қызығы Баяннан бөлек кеткен қыздар кеңсеге келіп, ұстаздан кеңес алып тұрады екен.

Баян Алагөзова, продюсер:

- Қыздармен қарым-қатынасым жақсы. Орталыққа жиі бас сұғып тұрады. Білген ақылымды айтамын. Олар үшін есігіміз әрдайым ашық!

Бидаш продюсерсіз еңбектенудің қиындығын сезінсе керек, бүгінде бикеш тек шет елдік хиттерге кавер жасаумен ғана шектеліп жүр.