"Мен сізді жек көремін!" Мақпал Жүнісоваға кибер-шабуыл жасаған кім?

Сообщить о проблеме с эфиром

«Халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Дәл осы тіркеспен қазіргі таңда инстаграм желісін толықтай сипаттауға болады. Іздегеніңіздің барлығын таба аласыз. Әсіресе, жұлдыздарға қатысты тың ақпаратты өз ауыздарынан естіп, сүйінші жаңалықтарын бірінші болып білуге мүмкіндік бар.

Әрбір қадамын оқырмандарымен бөлісуді әдетке айналдырғандар көшін Қайрат Нұртас бастап тұр. 4 млн. 400 мың оқырманы бар. Актер, кейін вайнерлікке түгелдей бет бұрған Серғазы Тоқтарбек, дәл осы көлемдегі фолловерлерімен қатар тұр. Екінші сатыға әнші Ерке Есмахан 4 млн. 200 мың оқырманымен жайғасыпты.

Динара Сәтжан, тележүргізуші:

- Әлеуметтік желілерге кірсең, сен бәріне дайын болу керексің!

Дегенмен, шоу бизнес өкілдері уақыттың жаңашылдығына дайын болмай шықты. Себебі, өмірде халықтың тек ілтипатына бөленген олар, ғаламторда хейтерлердің қаһарына жиі ұшырайды.

Мақпал Жүнісова, ҚР Халық әртісі:

- Мен сізді жек көрем деп жазатындар бар. Сіз неменеге ән айтып жүрсіз деп жазатындар бар. Кемпір болдың ғой, неғып жүрсің сахнада деп жазатындар бар.

Күнделікті тұрмыс-тіршілігі инста әлеммен біте қайнасып кеткен продюсер Гүлзира Айдарбекова да фолловерлеріне өкпелі. Мейлі ұлына, мейлі өзіне қатысты қандай да бір сурет жүктесе болды, қисынсыз пікірлерге тап боламын деп отыр.

Гүлзира Айдарбекова, продюсер:

- Сондықтан да кім не демейді. Әркім әртүрлі айтады. Оның барлық айтқанын орындау мүмкін емес!

«Азия» тобының әншісі Ринат Баситов та инстаграмның пайдасынан гөрі зияны көп дейді. Әсіресе, санаға сиымсыз видеолардың көбейгеніне наразы.

Ринат Баситов, «Азия» тобының әншісі:

- Сондай кезде мен инстаграмды өшіргім келеді шыны керек қызтекелерді көріп... Біреулер кішкентай балаларды ұрып, зорлап жатқандарын көрсем, инстаны өшіргім келеді, шығып кеткім келеді...

Ринат мырза екі ойлы болып жүргенде әріптестері жеке парақшаларын табыс көзіне айналдырып үлгерген. Миллиондаған оқырмандардың арқасында ақша тауып, керекті тауарларын тегін алып жүр.

Айқын Төлепберген, әнші

- Ақша үшін жарнамалау бар. Бартермен істейді. Көбіне ақшамен жарнама жасамайды. Келеді де бартер ұсынады. Мысалы өндіретін тауарын береді де бір сомаға, ол ұнаса, жарнама жасайсың.

Бұл кәсіпті шындап қолға алғандардың алды – Бүркіт мырза! Әрбір постын тек арнайы келісім шартпен ғана салады. Айтар ақылы да дайын, инстаграмнан жақсыны үйреніп, жаманынан жиренейік!