«Біз де 42 500 теңгеге мұқтажбыз!» деген өнер өкілдері мемлекеттік жәрдемақыға жаппай өтініш білдірген. Алайда олардың арасында бұл көмекті алмағандар бар. Мәселен Әли Оқапов аталмыш ақшаға екі рет дәмеленсе де, оған сол күйі бұйырмаған. Есесіне, інісі Мәди бұл қаржыға қарық болғанға ұқсайды.
Карантин режимі тоқтауға таяу болса да, 42 500 теңгені ала-алмағанын айтып, ренжішін білдіргендердің қарасы көп. Тіпті олардың арасында өнер өкілдері де жетерлік. Мәселен, Халық әртісінің ұлы Әли Оқапов мемлекеттік жәрдемақыға бірнеше рет өтініш берген. Бірақ белгісіз себептермен оның шағымы қанағаттандырылмапты.
Әли Оқапов, әнші:
- Шынымды айтайын мен өтініш білдірдім. Жасырмай-ақ қояйын және де маған 2 рет жоқ деген жауап келді. Бермей қойды. Олардың ресми сөздері бойынша менің тағы да 2 табыс көзім бар екен деп жазды. Бірақ ол қандай табыс көздері және де қайдан олар сондай информация алғанын мен білмеймін.
Бірақ күні кеше өтініші қабылданбаған азаматтарға байланысты тағы бір заң күшіне енді. Жәрдемақы ала алмаған олар аудандық не қалалық жұмыспен қамту жөніндегі штабқа барып, мәселені шеше алады.
Ал қағаз жинап, әуреге түспей қаржыны қалтасына басқандардың қатарында экс-Алаулық Ержан Мұқатай бар. Әнші көмекті еш қиналмастан алғанын айтады.
Ержан Мұқатай, «Алау» тобының әншісі:
– Өкімет бөлген 42 мың 500 теңгені мен алдым. Бірден алдым десек те болады. Өйткені көбісі әлі күнге дейін күтуде ғой. Мен де бұл жағдайға шыны керек таңғалдым. Ол сумманы ешқайда жаратқан жоқпын әлі күнге дейін.
Ержан қаржыдан қысылып жүргенін жасырмайды. «Алда қандай қысыл-таяң кездер болары беймәлім», - деген әнші бес күндігін ойлап жүретін болып шықты.
Ержан Мұқатай, «Алау» тобының әншісі:
– Бұл енді көп те емес, аз да емес сумма. Оның үстіне карантин қай мезгілге дейін болатынын нақты әлі ешкім білмейді. Сондықтан сақтандыру ретінде қалдырдым десек те болады өзіме.
Белгілі блогер Жансерік Қадырбаев та аталмыш жәрдемақыны иемденген. Бірақ ол бірден кері қайтарған. Өйткені Жансеріктің орта және кіші кәсібі әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған көрінеді.
Жансерік Қадырбаев, блогер:
– Иә, 42 500 теңге маған да түскен болатын. Бір ақшаны аударатын болғандықтан арым таза болсын деп мемлекетке қайтып қайтарып бердім.
Айналасында айтарлықтай дау тудырып үлгерген 42 500 теңгені бүгінде бірқатар өнер өкілдері алып үлгерген. Мәселен, Ақбота Сейітмағамбет, Дәурен Айдарқұлов, Балжан Бидаш мемлекет берген қаржыны жаратып үлгерген де болар.