Қазақстанға оралған Алуа Қонарова жоспарларымен бөлісті!

Сообщить о проблеме с эфиром

1 жыл, 8 ай. Бұл Алуа Қонарованың Аланияда өткізген уақыты. Осы кезеңде продюсерге «Түркияға көшіп кеткен. Сол жақтан үй алған» сынды хейттар ағыл-тегіл жазылған-ды. Бірақ Қонарова бұндай негативтерге мән бермеуге тырысқан. Керісінше елге асыққанын айтады.

Алуа Қонарова, продюсер:

– Ұшақтан түсерде қатты толқыдым, жылап та алдым. Балаларымды сағындым. Себебі бұл біздің ұзақ уақыттан кейінгі қауышуымыз еді. Бұлайша көпке айырылыспағанбыз. Отбасымдай болып кеткен бәрі.

Бірақ Қонарова бірден бұрынғыдай шығармашылыққа білек сыбана кірісуге асықпайды. Оған өз себептері бар. «Бұл бәрімен ақылдаса келе, қабылданған шешім», - дейді ол.

Алуа Қонарова, продюсер:

– Ойлана келе, «Ринго» шығармашылықта бір жыл үзіліс алады деп шештік. Жігіттер әзірге жеке жұмыс істей тұрады. Бірақ осы аралықта репертуар іздеуді тоқтатпаймыз. Ал «Рензоға» келсек, ол топтың тарағанын өзім де қаламаймын. Бәрін уақыт көрсетеді.

«Қазақстанға келгеннен кейін, көп достарым көз жанарымның өзгеріп кеткенін айтады. Өзім де оны білем. Алуа есейді», - дейді продюсер. Сондықтан ол енді көп нәрсеге байыппен баратын болған. Қала берді Қонарова шоу-бизнестің де сәл де болса, шаттығы тарағанын айтып қалды.

Алуа Қонарова, продюсер:

– Қазір шыны керек бәрі тоқтап қалды ғой. Кештер, концерттер дегендей. Енді-енді жанданып келе жатқаны болмаса, шоу-бизнес бұрынғыдай аяғынан тік тұруы үшін ұзақ уақыт қажет. Қазір ол жаққа қаражат құйған тиімсіз.