Қазақ өнері қара жамылды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Қазақ киносының мэтрі, ұлт мәдениетінің асқар тауы, Қазақстанның халық әртісі, Еңбек Ері – Асанәлі Әшімов өмірден озды.

 

Енді қазақ халқы Бекежансыз қызықты да, той-думанды да қалай өткерері белгісіз... Қазақ халқы тек Асанәлі Әшімовпен ғана емес, тұтас бір дәуірмен қош айтысты! Аты аңызға айналған нар тұлға 88 жасында жан тапсырды. Енді мына жалған өмірде Төлеген де, Бекежан да жоқ. Қыз Жібек жалғыз қалды...

 

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері:

Тарих, уақыт бәрі өтіп жатыр, талай дүние кетіп жатыр, қызықтар да шыжықтар да болып жатыр. Сондықтан соның бәріне куә «Қыз Жібек». Талай халыққа тарады, елді елге танытты, мәдениетімізді көтерді. Өнерімізді асытты. Сондықтан фильмге реніш жоқ, қуаныш бар!

 

Өнер алыбы тағдырдың тартуын да көрді, сынағын да еңсерді. Өмірінің соңына дейін жүздеген шәкірт тәрбиеледі, ешқашан жастарға деген қолдауын аямады. Қашан да ақ батасымен демеу берді.

 

Ол - өмірі өнермен өрнектелген театр саңлағы, Қазақ киносының мэтрі! Сахна абызы тек танымал киноларда басты рөлді сомдап қана қоймай, режиссерлік қызметті де атқарып, тың туындылар таспалады. Арнамызға берген соңғы сұқатында алып тұлға әлі арманының таусылмағанын, жарқын болашақтан үмітінің зор екенін жеткізген еді...

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері:

Армансыз адам болмайды ғой. «Бәрін жасадым!» - деп ешкім айта алмайды. Арман болады. Әсіресе актерде арман көп болады.

 

Еске салайық, Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық театрдың 100- маусымының ашылуын шығармашылық ұжым асқар тауымен бірге тойлап еді. Алайда, енді әріптестері ғасыр тойын әкесіз атап өтуге мәжбүр...

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері:

Әр уақытта жақсылық, өнер, әдебиет, мәдениет, ғылым өспей ел өспейді. Сондықтан осы халықпен тығыз араласып, өнерімізді көрсетіп жүру біздің мақсатымыз.

 

Орны толмас қаза қара халықтың жүрегін қарс айырды. Десе де, ер есімі, ел есінде! Асанәлі Әшімов ұлттық құндылықтың барлығын бір бойына сыйдырған мәңгілік бейне болып қала бермек. Ғасырда бір келетін өнер алыбымен қоштасу рәсімі ертең Абай атындағы опера және балет театрында өтеді.

 

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері:

Өмірге өкпем жоқ. Жасайтын ойнайтын рөлдерімді ойнадым. Халыққа тарту еттім! Соған ризамын...