Барлық сеанста аншлаг! «Өнер қырандарының» 2 айға созылған концерттік туры өз мәресіне жетті. Күздің қоңыр салқын ауа райында сапарға шыққан шығармашылық ұжым біршама кедергілер мен қиындықтарға тап болған. Десе де, актерлер «Шаршағанымызды басатын, көрерменнің қошеметінен артық дәрумен жоқ» дейді.
Жанболат Найзабеков, «Өнер қырандары» театрының актері:
– 60 күн жолда жүрдік. Қиындықтары да болды. Қар да жауды, боран да болды. Соның бәрі бүгін мінекей, үстімізден жүк болып түсті. Бір жеңілдеп жатырмыз.
Мэлс Жақыпберді, «Өнер қырандары» театрының актері:
– Енді ең қиын сәт менің мынау өзімнің денсаулығыма байланысты. Ол енді халыққа сездірмеуге тырысамыз.
Театр артистері бұл жолғы концертін «Төртеу түгел болса» деп атаған. 2008 жылы шығармашылық жолын шоу-бизнестегі жарқын образдарға пародия жасаумен бастаған олар, бүгінде астарлы әзілдерге құрылған қойылымдарымен көрермен жүрегінен орын алу үшін барын салуда.
Мадияр Серікбаев, «Өнер қырандары» театрының директоры, актер:
– Құндылықтың ішіндегі негізгі тетік-бұл тәрбие. Тәрбиенің төрт тұтқасы: жаман болады, обал болады, ұят болады, сауап болады деген. Осы төрт тетігімен бір концерт өткізу осы төртеудің бәрін түгендеу. Жалпы, құндылығымызды қайта қайтару.
Концерт бітсе де, қалың көпшілік ұзақ уақыт тарамады. Қойылымдарында комедия мен драма жанрларын ұштастырған театр артистерінің өнеріне тәнті болған халық, эмоцияларын жасыра алмады.
Көрермен пікірі:
– Жастарға тәрбиелік мәні зор жақсы кеш өткізді деп, өзім жақсы демалып қайтып бара жатырмын.
– Өте көңілді, жоғары деңгейде өтті! Бүгінгі көріністерде бір күлдік, бір жыладық.
– Жылда келемін ұнайды. Өйткені оларда бір тәрбиелік мән бар. Күлдіре отырып, маңызды нәрсені түсіндіре алады. Өте керемет!
Тур аясында әлеуметтік желілерде «Өнер қырандарының» тарайтыны жайлы сыбыстар айтылған еді. Концерт аяқталған соң, бұл ақпараттың рас-өтірігін білмекке бекіндік. Нәтижесінде:
Мэлс Жақыпберді, «Өнер қырандары» театрының актері:
– Ең соңғы концерт екені – ол жасырын емес. Өйткені 2025 жыл бітіп бара жатыр. 2026 – да жаңа концерт береміз.
Еске салайық, осы жылы «Өнер қырандары» алғаш рет фильм таспалап, ол үлкен экранға жол тартқан еді. «Молда» толықметрі көптің көңілінен шығып, миллиард жинады. Жоғары көрсеткіштен шабыт алған, театр ұжымы енді келесі картинаның түсіріліміне кірісіп те кеткен. Су жаңа туынды «Абай бол» деп аталады.
Мэлс Жақыпберді, «Өнер қырандары» театрының актері:
– Енді бұл киноны да қазіргі заманауи жаңағы былайша айтқанда тренд болып кетті ғой. Елдің бәрі кино түсіріп жатқаннан кейін, бізде қарап тұрсақ кино түсіруге барлық мүмкіндік бар екен. Сценарий де, актерлеріміз де бар.
Өнерге әркімнің ақ бар таласы! Екінің бірі кино түсіріп жатқан заманда, жаңа туынды үздіктер қатарынан табылсын дейміз!