Биыл футболдан әлем чемпионаты өтеді. Ғалам көз тігетін турнир Канада, АҚШ жене Мексикада ұйымдастырылмақ. Үздікті анықтап, жеңіске жету үшін 48 команда бақ сынайды. FIFA мен бас демеуші Coca-Cola компаниясы айтулы шара қарсаңында әдеттегідей ғаламдық турды бастады. Дәстүрлі түрде өтетін іс-сапарға биыл алғаш рет Алматы жұртшылығы да куә болып, басты футбол трофейін өз көзімен көру мүмкіндігіне ие болды.
Міне, 52 жылдық тарихы бар жәдігер осы. Трофейді көрсем, суретке түссем дей келгендер қарасы қалың. Алайда бірі де қолмен ұстай алмайды. Себебі, бұл құқыққа тек мемлекет басшылары мен әлем чемпионатының жеңімпаздары ие.
«Қайрат» ФК академиясының оқушылары:
– Осы күн маған өте маңызды болды. Мен өте бақыттымын. Еуропада көтеріп жатқан кубоктарды көріп. Осыған дейін осы Еуропаның уровеніне дейін көтеріліп футбол ойнасам деп ойлап жатырмын. Ол менің арманым. Сол кубокты көтеріп, мен өте бақыттымын. Көріп жатқаныма мен өте қатты қуаныштымын.
Айтулы шарада футбол трофейін 2006 жылғы әлем чемпионы Италия құрамасының аңызға айналған қорғаушысы Марко Матераццидің өзі таныстырды. Салтанатты рәсімнен соң, жанкүйерлер сұрағына жауап берген спортшы биылғы әлем біріншілігіне қатысты болжамдарымен бөлісті.
Марко Матерацци, футболшы: (Италия)
– Бұл бірлікте фавориттер жетерлік. Аргентина да үздіктер қатарында болады деп ойлаймын. Алайда үздікті үштікті Бразилия, Германия, Марокка бөлісетін сыңайлы.
Кубок биыл әлемнің 75 қаласына жеткізілмек. 3-қаңтар күні Сауд Арабиясынан басталған турдың келесі локациясы Ташкент. Трофей жеткізілуі тиіс елдердің тізіміне Алматының да қосылуы бекер емес дейді ұйымдастырушылар.
Серкан Дилек, Қазақстандағы «Сoca Cola» компаниясының бас директоры:
– Кока-кола компаниясы FIFA-мен бірлесе отырып трофейдің қай қалаларға баратынын таңдады. Және біз тізімге Алматыны енгіздік. Себебі, Қазақстан нарығы біз үшін маңызды. Және әрине кейінгі уақытта футболға қызығушылық артқанын да ескердік. Спортшыларымыздың қарқыны күшейгендіктен әрі осындағы жұртшылық бұл маңызды мерекеден қапы қалмауы тиіс деп ойладық.
Құнды мұра тек екі себеппен, әлем біріншілігі барысында және ғаламдық тур ұйымдастырылған кезде ғана мұражайдан шығарылады екен. Жәдігердің Алматыға жетуі, ел үшін маңызды оқиғалардың бірі екені сөзсіз.