Шұғыла Ешен, актриса:
– Ғашық болғам. Күшті сезім. Әртүрлі сезім. Бабочки ғой сол.
ARShAT, музыкант:
– Ой, ішіме сыймай кетті. Кездескенде бірден «үйленейікші!» - деп айттым ол кісіге. Ата-анаммен таныстырдым. Ол кезде шынымен бір адамның басын жоғалтып алатын сәттер. Менің басымнан өтті, осындай сезім.
Жасұлан Көпберген, актер:
– Ғашықтық деген ол ауырсаң, сол адам сенің жаныңда болса ауырмау. Мұңайсаң, сол адам жаныңда болса мұңаймау.
Бұрын кинопродюсерлер фильмдерінің сценарийі арқылы ерекшеленіп әлек болса, қазір олар туындының маркетингіне қомақты қаражат жұмсайды. Тіпті картинаны жарнамасына қарап бағалайтын көрерменнің саны артуда. Бүгінде «Ғашықпын саған» толықметрінің авторлары өзгелерден ерекшеленіп, саундтректер кешін ұйымдастырды.
Жалын Тілеуберген, кинопродюсер:
– Жалпы фильмнің өзінің үлкен бір фан-аудиториясы пайда болғаны қуантады. Барлық жерде қолдап және де осы фильмнің әндерін, музыкаларын өздері кавер айтып жатқан жастар көп. Бөлісіп, сұранысқа ие болып жатыр.
Шығармашылық ұжым бұл мүмкіндікті қалт жібермеді! Трек-листі картинаның саундтректерінен құралған концерт беріп, екі рет солд-аут жасады. Шараға Аршат, Ернар Амандық сынды танымал музыканттар да келіп, өнер көрсетті. «Бұл біз үшін өте үлкен жетістік» дейді лентаның композиторы Олжас Дәлелхан.
Олжас Дәлелхан, композитор, актер:
– Неге бұл әндерді таңдадық, өйткені Думанмен біз о баста келіскен кезде айттым: «Маған қазір отырып 10 минутта жаза салған әндер керек емес. Маған өзі бір оқиғаға негізделген, тарихы бар, тағдырлы әндер болса, ол көрерменнің жүрегіне бірден жетеді деп сенем» деді де. Сондықтан біз осы әндерге тоқталдық.
«Ғашықпын саған» фильмінің ұжымы көрерменмен тығыз байланыс орнатуды мақсат еткен! Оған дәлел, тіпті картинада орындалатын әуеннің сөзін жазып берген тредс желісіндегі оқырман. Айта кетейік, сол әннің тұсауы осы кеште кесілді!
Жалын Тілеуберген, кинопродюсер:
– Сөзін өте әдемі шығарыпты. Кеше мен енді сенбей ақ қояйық, түннің бір уағы болып жатыр ғой деп өзіміз танитын ақын қыздарға шығып, шығарттық. Бірақ бәрібірде ана тредста жазған қыздың шынайы ниетімен жазғанын көрдік.
Картинаның бас кейіпкері Жасұлан Көпбергеннің актриса Ақерке Назарбековамен жұп екені жасырын емес. Десе де, жоба авторлары маркетингке көбірек көңіл бөлеміз деп, ғашықтардың қарым-қатынасына сызат түсіріп ала жаздаған сыңайлы.
– «Ғашықпын саған» фильмінен кейін Шұғыла екеуіңізді қосатындар көбейді, бірақ соған сүйіктіңіз Ақерке қызғанышпен қараған жоқ па?
Жасұлан Көпберген, актер:
– Иә, әрине кейбір кездерде қызғанып қалатын кездер болады.
– Шұғыладан қызғанып қалған кездер болды ма?
– Болды.
– Қалай шештіңіздер ол мәселені?
– Ол нәрселер басында айтылды. Әрине енді айтылуы бір бөлек, көру бір бөлек. Сол кездерде «мынаны көргім келмеді ғой» деген нәрселер болды. Бірақ қатты реніш, ұрыс болған жоқ.
– Дүйім жұрттық алдында Ақеркеге сөз салдыңыз. Жалпы тойдың ауылы алыс емес пе?
– Жазға қарай қойып жатырмыз. Негізі алдыңғы жазда болуы керек болған. Біз үй алдық, көлік алып алдық.
Ендеше, серінің ойға алған жоспары жүзеге ассын дейміз. Айта кетейік, Жасұлан Көпберген өзін әншілік қырынан да көрсетуде. Бұл кеште болашақ күйеу жігіт трек-листтегі көпшілігін өзі орындап шықты.