Disney ұсынған «Секіргіштер!» Танымал арулар Фариза Ескермес пен Razziyuwa дубляж саласында дебют жасады

Сообщить о проблеме с эфиром

Disney-дің кезекті картинасы «Секіргіштер» көрерменге жол тартты! Ал мультфильм кейіпкерлерін қазақ тілінде сөйлеткен дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев пен оның командасы.

Кастинг ұзаққа созылды ма? Қанша уақытқа созылды?

Шах-Мұрат Ордабаев, дубляж режиссері:

Бұл фильмнің жолы жеңіл болды. Ешқандай қиналу болған жоқ. Фильмнің өзінің месседжі қандай болса, кейіпкерлерді де таңдау сондай оңай болды. Қатты қиналдық деп айта алмаймын. Шамамен 5-6 күннің ішінде таптық бәрін.

 

«Секіргіштер» бірқатар танымалдар үшін дебюттік жоба болды. Оның бірі үш басты жыланды дыбыстаған, актриса Фариза Ескермес. Сылқымның айтуынша, бұл оның көптен бергі ізгі арманы болған. Сол себепті, режиссердің ұсынысын да бірден қабылдаған.

Фариза Ескермес, актриса:

Күйеуім айтады да маған, «өзіңнің рөліңді тауыпсың ғой, жылан» - деп. Үшеуі үш түрлі, менле өмірде әртүрлімін. Мысалы, біреуінің дауысы кемпірдің дауысы сияқты, екіншісі сылқым, нәзік ал үшінішісі қаталдау жай ғана суық дауыс.

 

Ал алып акула кейіпкерін дыбыстау блогер Разиюшаға бұйырды. Бұл мәртебе оның желі жұлдызы болғанының арқасында берілді, дейді режиссер.

Білуімізше, сізде дебют. Жалпы қиын болған жоқ па?

Razziyuwa, блогер:

Мені шақырды ғой. Қалай болар екен деп уайымдадым, себебі бұл менің дебютым. Өмірімде ешқашан кейіпкерді дыбыстамағанмын.

Разияға дыбыстау қиын болған жоқ па? Процесс қалай болды?

Шах-Мұрат Ордабаев, дубляж режиссері:

Мен үшін қиын болды. Өйткені, Разиюша кәсіби актриса емес. Ашығын айтқанда Разияны не үшін шақырдық, оның аудиториясы арқылы осы мультфильмдердің қазақша дыбысталатынын көбірек көрермен білсе екен деген оймен шақырдық.

 

Десе де, дубляж жасаған топты Дисней ұжымының өзі бекітеді деген мәліметке сүйенсек, Разияның аяқ алысы жаман емес болғаны. Оның үстіне, блогер де өз кейіпкерін шебер дыбыстағанына нық сенімді.

Razziyuwa, блогер:

Негізі біздің мінездеріміз ұқсамайды. Дауыстарымыз да мүлдем ұқсамайды. Ертең бұл анимациялық фильмді көргенде, менің дауысым екенін тіпті танымай қаласыздар.

Дебютант Фариза Ескермес дубляждағы алғашқы тәжірибесінен шабыт алған-ды. Актриса бұл қадам оның, шығармашылық жолындағы үлкен рөлдерге жол ашатынына үмітті.

 

Фариза Ескермес, актриса:

Болашақта мен әлемдік картиналарды дыбыстағым келеді. Мысалы, мен Марго Роббиді қазақша сөйлеткім келеді. Анджелина Джолиді, үлкен голливудтық тұлғаларды әдемі қылып аударғым келетін еді

 

Мульфильмнің басты месседжі – табиғатты аялау. Туыныда қайтпас қайсар қыз Мэйблдың қоршаған орта мен жан-жануарларға деген шексіз махаббаты суреттеледі.

Шах-Мұрат Ордабаев, дубляж режиссері:

Бұл жерде ең бастысы мына көрерменнің сүйікті кейіпкерлеріне айналатын жануарларға жақсы, қазақы дауысты таңдай білу. Осы біздің басты фокус болды. Сондықтан қатты күрделі болмаса да, кейіпкерлерді табу оңай болған жоқ.

 

Анимациялық картинада аудан әкімі айналма жол салу үшін, жануарлар мекенін құртпақ болады. Ал, Мэйбл есімді ару бұған жол бермеу үшін, жоспар құрып, технологияның көмегімен құндыз жануарының кейпіне енеді. Табиғатты қорғап қалу оның қолынан келе ме? Жауабын үлкен экраннан біле аласыз!

Ayau, музыкант:

Мультфильм өте қатты ұнады. Жалпы негізінде өте мейірімді. Өте ойландыратындай. Менің ойымша кішкентай балаларды алып келген дұрыс деп ойлаймын. Барлығы көру керек мультфильм деп ойлаймын.