«2000 жылдары Қазақ эстрадасы шетелдік әннің экспанциясына айналған еді» деп еске алады көз көргендер. Бұл үрдісті тоқтатқандардың бірі - МузАРТ екенін алға тартады. Расында да солай еді. Батыстық бит хит болып жатқан тұста тыңдарманның бетін әуезді әнге бұрған да, эстрадалық музыканы домбыраның сазды үнімен әрлеген де МузАРТ еді. Міне сол ұжымның сахнада жүргеніне биыл 25 жыл. Дұрысы, күллі қазақтың көңілінен орын алғанына, қазақ эстарадасының феноменіне айналғанына ширек ғасыр толды!
МузАРТ-тың алғашқы әні-ақ тыңдарманның көңілінен шықты. Қыздардың жүрегін жаралады, жігіттер есі кете еліктеді. Қысқасы, дүйім қазақ жұрты қол соқты. Көзі қырақты көрерменнің шапалағына бөленіп келе жатқанына ширек ғасыр толған ұжым айтулы мерекеге орай Қазақстан бойынша тур өткізіп, өткен апта Алматыға жетті. Алғашқы кешінде-ақ ине шаншарлық орын болмаған топтың 25 жылдық мерейтойы да солд-аутпен өтті.
Сакен Майғазиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
- Енді біз 15 ақпаннан бастап ат үстінде жүрміз. Ән сапарда жүрміз. Енді 1 айдан кейін Алматы қаласында ән кешімізді беріп жатырмыз. Әлі бір жарым ай жүреміз. Соңында Ташкент қаласында, әрі қарай Бішкек қаласымен тәмамдағымыз келіп тұр. Солтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан бар. Бармаған жерлеріміз көп.
Тісқаққан продюсерлер де, білікті режиссерлер де МузаАрт десе көрерменнің көңілі бөлек екенін біледі. Сондықтан топтың тарихынан сыр шертетін фильм ұсынбаққа ниеттілер көп. «Байопик таспаласақ дегендердің қарасы қалың, алайда өзіміз қолға алсақ па деген ойымыз бар», - дейді Мейрамбек Беспаев.
Мейрамбек Беспаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
- Енді соны әрі қарай кино таспаға обр нұсқасын ұсынып жатыр мына жақта режиссерлар шығып. «Біз түсірсек, біз түсірсек. Тарих қой бұл», - деп. Сондықтан енді ол да ой үстінде тұр. Бәлкім ол кино да бір сәтті шығып құдай қаласа көрерменге жол тартатын шығар.
МузАРТ-тың 20 жылдығы карантинмен тұспа-тұс келіп, тыңдарманымен онлайн қауышқан еді. Биыл ағалар сол сағыныштың орынын толтырды. Бірде-бір қонақ шақырған жоқ, әніне шөлдеген тыңдарманына 2 сағат бойы тек өздері шырқады.
Кенжебек Жанәбілов, әнші:
- МузАРТ-тың әндерін біз енді талқыға салдық басында. Мүмкін, бірге орындаймыз деген. Иә, ойда да болды. Бірақ көбісі ішінде өздерініздің әндерінізді ғана айтсаныздар деген ұсыныс көп болды. Сондықтан біз МузАРТ-тың ғана әнін айтып жатырмыз.
Кешті артық шоумен әрлемеген, қойылыммен көркемдеуге де тырыспаған. Бірақ көрермен дән риза.
- Есімізді білгеннен осы МузАРТ-тың әндерін естіп келе жатырмыз. Жанкүйеріміз. Өзім Қытайдан келгем. Сол Қытайда жүрген кезде МузАРТ-тың әндерін естіп, өскенбіз.
- Мен де Қытайдан келіп отырмын. МузАРТ тобын бала кезімізден тыңдап өстік. Өте қуаныштымыз. Бүгінгі көңіл күйіміз өте көтеріліп қалды. Сездім өзім. Қатты қуандым.
- Мен ата әжемнен үлгі алып, МузАРТ-тың өлеңдерін тыңдап өскем бала болып саналамын. Қазіргі таңда өлеңдерінен сондай қатты бір эмоция сезімге толы болып шықтық. Осы концертке келгенгімізге өте қуаныштымын.