Бағлан Әбдірайымовке қыруар қарызы үшін жанын қиюға жандайшаптар келгені рас па?

Сообщить о проблеме с эфиром

Бүгін «Жігіттер» квартетінің мүшесі Бағлан Әбдірайымов баспаханаға арнайы келді. Біраз уақыттан бері көпшілікті «кітап жазудамын» - деп, қызықтырып қойған еді. Бүгін, міне, баспа басшылығымен келісім шартқа қол қойып, туындысын басылымға берді.

Бағлан Әбдірайымов, әнші, кітап авторы:

- Оқуға тұрарлық деп айта аламын. Өйткені, бұл жерде кәсіпкер бол деген әңгіме жоқ немесе мұғалім бол деген әңгіме жоқ. Бұл жерде күнделікті көзбен көріп, құлақпен естіп, аналар зар еңіреп жүрген, әйелдері күйеулерінен жылап жүргендер, жан-жағына қарызға батып ішіп кеткендер, жалпы қоғамдағы дерт туралы болғаннан кейін сонысымен ерекше.

«Ақ пен қара» деп аталатын кітабы 160 беттен тұрады, әзірге 2000 данамен басып шығаруға тапсырыс берді. Айтуынша, туынды өзінің өткен өмірі жайлы. Нақтырақ айтсақ, құмар ойынның құрығына іліккен сәтінен бастап, сол тәуелділігінен арылуға дейінгі ауыр тағдыры баяндалады.

Бағлан Әбдірайымов, әнші, кітап авторы:

Ал, енді «Ақ пен қара» деп екеуін екі бөлгеніміз, бір бетім ақ, бір бетім қара дегеніміз, тақырыптың өзі айтып тұр. Таңдау жасау өз қолыңда. Ақтықты таңдайсың ба, қараны таңдайсың ба деген сияқты. Жалпы ойында да екі-ақ таңдау болады, ойын ойнап жүрген білетін шығар.

Басты мақсаты, құмар ойынның шырмауына түскендердің санын кемітуге титтей де болса үлес қосу.

Бағлан Әбдірайымов, әнші, кітап авторы:

- «Попал плати» деген сияқты. Өздерінің ерекшеліктер бар, процент дегені бар. Жалпы қарыз боласың ба, ойынға кіресің бе қалай болғанда да құтылу керек. Бәлкім қаражатпен, бәлкім дүниеңмен құтыласың. Ал ештеңең болмай қалса денсаулығыңмен не өміріңмен құтыласың

Ешкім есіркемейтін, ешкім жарылқамайтын ортаға әнші қалай тап болғанын күні бүгінге дейін түсінбейді. Сондықтан, мүмкіндік болса казино атаулыдан аулақ болуға шақырады.

Бақытжан Бұқарбай, баспагер:

- Тәжірибесін келтіре отырып, нақты-нақты кеңестер беріп жатыр. Ол өте құнды ақпарат, себебі кез-келген адамнан сұраса, тіптен құмар ойынға шалдыққан адамның ең жақындары ата-анасы да білмеуі мүмкін. Әке-шешесі ойын ойнап жатқан жоқ қой, ал Бағланның кітабында шешімдері тұр.

Бағлан оқиға желісі кімді болмасын қызықтырарына сенімді. Енді еліміздің түкпір-түкпірінде сергелдеңге түсіп, сенделіп жүргендерді райынан қайтару үшін онлайн курстар оқып, арнайы концерт беруге ниетті.

Бағлан Әбдірайымов, әнші, кітап авторы:

- Кітапты арқалап алып, бүткіл Қазақстанды аралағым келеді. Жалпы осындай тақырыптарды әңгіме қылып, артын әнмен әрлеп отырып. Сол кезде осы кітапты алғаш болып сатып алғандар концертке тегін келіп қатыса алады.