Головкин мен Деревянченко жекпе-жегі!

Сообщить о проблеме с эфиром

Қос чемпиондық белбеу үшін айқасатын боксшылар қанша миллион пайдаға кенеледі?

Головкин соңғы айқасынан кейін араға төрт ай салып рингке қайта шығады. Бұл жолғы қарсыласы украинды боксшы Сергей Деревянченко. Қос былғары қолғап шебері орта салмақтағы IBF және IBO чемпиондық белбеулерін сарапқа салады. Жаһандағы миллиондаған бокс сүйер қауым, бұл айтулы айқасты тағатсыздана тосуда. Нью-Йоркте өткен ең соңғы баспасөз-мәслихатында, екі тарап сөз бәсекесінде де аянып қалған жоқ.

Сергей Деревянченко, кәсіпқой боксшы:

-Мен үшін әйгілі «Мэдисон Сквер Гарден» аренасында жұдырықтасу үлкен мәртебе. Аяқтарым жылдам қимылдайды, джеб соққым да жақсы. Маған Головкиннің атақ-абыройы маңызды емес. Өйткені, рингте тек екеуміз жұдырықтасамыз. Мен 5 қазан күні чемпиондық белбеулерді иеленемін. Оны рингте дәлелдеймін!

33 жастағы Украина боксшысы кәсіпқой рингте 14 мәрте жекпе-жек өткізіп, 10 нокаутты еншісіне жазған. Былтыр IBF чемпиондық белбеуі үшін өткізген кездесуде ғана, мансабында бірінші мәрте Дэниэл Джейкобсқа төрешілер шешімімен ұтылған еді. Оның промоутері Лу ДиБелла әйгілі Головкинді тақтан тайдыратын осы Деревянченко деп сенімді сөйледі.

Лу ДиБелла, С.Деревянченконың промоутері:

- GGG шындығында өз елінің және әлемнің ұлы боксшысы. Келешекте Даңқ залында тұруға лайықты тұлғалардың бірі. Дегенмен, әр жақсылықтың да аяқталатын сәті болады. Сергей бұл жерге тек жұдырықтасу үшін емес, жеңу үшін келді!

Әркез байыпты Геннадий, бұл жолы да арық сөйлеп семіз шығуды жөн көргендей. 37 жастағы қазақстандық бокс жұлдызы Сергейдің мықты боксшы екенін атап өтіп, жұртты Нью-Йорктегі әйгілі «Мэдисон Сквер Гарден» аренасында 5 қазанда өтетін титулды айқасын тамашалауға шақырды!

Геннадий Головкин, кәсіпқой боксшы:

-Мені және боксты қолдайтындарға алғысым шексіз! Рингтегі жауынгер ретінде айтарым: Бұл мен үшін алтын уақыт. Мен дайынмын. Айқасты тағатсыздана күтіп жүрмін. Жекпе-жекке тыңғылықты даярлық жасадық. Нағыз бокс майданын сүйетін құрметті жанкүйерлер, осы сенбідегі жекпе-жектен құры қалмаңыздар!

Кәсіпқой рингте 41 мәрте жұдырықтасып, 39-ын ұтып, 35 нокаут тіркеген Головкинге – Деревянченко үлкен сынақ болатыны анық. DAZN сервисіндегі үздік боксшылар көшінде қалып, келешекте Канелода кеткен есесін қайтару үшін Генаға бұл жолы жеңіс ауадай қажет. Чемпиондық белбеулердің қожайыны атанса, рейтингі жоғарылап, сөзінің де салмағы арта түседі.

Беделді бокс сарапшылары тәрізді букмекерлік кеңселер де Головкиннің жеңісіне 1,25, ал Деревяченко ұтады дегенге 4,65 коэффициент беріп отыр. Нокаутқа құлатады деген болжамдар да сан-алуан! Сергей бұл чемпиондық жекпе-жек үшін 5 млн АҚШ долларын алатын болса, GGG-дің қоржыны орташа есеппен 20 млн АҚШ долларымен толығады. Қос мықтының айқасын қазақстандықтар 6 қазан күні таңертең көре алады!