Отандық рэперлердің табысы қанша?

Сообщить о проблеме с эфиром

Дәл осы «Алматы-Семей» трегімен танылған жас әнші Бонапарттың әрбір туындысы бүгінде хитке айналды. Жастардың көңілінен шыққан өнерпаз небәрі 20 жаста. Музыкант тура бір жыл бұрын өз аудиториясын жинап, ғаламтор жұлдыздарының бірі атанған еді.

Бонапарттың шын есімі Жаңабек Серікбек. Поп-орындаушы шығармашылық жолында бірде-бір бейнебаян таспаламаса да, табысты музыканттар қатарында. «іTunes» чартының көшіне ілесе алған өнерпаздың қаламақысы да аз емес көрінеді.

Bonapart, жас әнші:

- Әрбір заказға «индивидуальный подход» дейді ғой. Бірақ. орташа мың доллар. Зароботок бар. «Аpple music», «вконтакте» бәрінен, youtube. Бірақ, youtube -қа өз материалымды көп сала бермеймін, каналды әлі ашқан жоқпын. Бірақ, youtube-тан да ақша жасауға болады.

Сахнадан ғана емес, түрлі музыкалық платформалардың арқасында қалталарын қалыңдатып жүрген музыканттар «Аpple music»-та 1000 тыңдалымға 1 доллардан кіріс көріп отырады. IntroVert лақап атымен өнер көрсетіп жүрген Диас Аябектің айтуынша, пайдаға кенелуге ғаламтор желісінде мүмкіндік жетерлік.

IntroVert, жас әнші:

- 500 мыңнан көп. Шынымды айтсам, нақты белгіленген гонорарым жоқ. Әр кезде әр қалай. Қанша ән орындасам, ақысы соған байланысты болады. Бастысы өзімнің күн көрісіме, музыка жазып, оны өңдеуге жетеді.

Ал, Smock SB-нің реперутарында 14 трек бар. Рэпер, әрі битмейкер туындыларын барлық желіге жүктей бермейтін көрінеді. Есесіне, музыкант сахнадан бөлек, өнердің өзге салаларынан еңбекақы алып үйренген-ді.

Smock SB, рэпер:

- Мен тек қана әртіс немесе рэп-орындаушы емеспін. Битмейкер және дыбыс режиссерімін. Оған қоса саунд продюсер ретінде табыс табамын. Әр саладан әр түрлі пайда түседі. Дегенмен, тек концерттер ғана ең көп қаражат алып келеді. Шамамен менің гонорарым 500 доллардан басталады.

Ғаламтор арқылы жұлдыз атанған жас әншілер ТМД елдерінде де өз тыңдарманын тауып. Бүгінде олар үлкен сахнаны да бағындыруда.