PUSSYCAT DOLLS ҚАЙТА ҚОСЫЛМАЙДЫ!

Сообщить о проблеме с эфиром

Pussycat Dolls дәурені қайта жанданады! Таяуда, осындай қауесет тарап, аты шулы гелзбенд тыңдарманы дүр сілкінген болатын. Дегенмен, 2010 жылы бір жола тараған топ қайта бас қоспайтын болды.

Николь Шерзингер Pussycat Dolls-тың әлемдік турнесінің болмайтынын кесіп айтты. Тіпті, экс-әріптестерімен қайта бас қосып, жаңа тректер жазу жоспарының жоғын да жеткізді. Дегенмен, дәл қазір олар одақтаспаса да, келешекте қосыла ән шырқау мүмкіндігі барын айтып қалды.

Есесіне, ностальгияны «Адамс отбасы» мультфильмі сыйламақ. Атышулы телехикая, анимациялық фильмге айналып, Лос – Анджелесте тұсауы кесілді. Премьерада бой көрсеткен Шарлиз Терон ерекше құлпырып кетіпті. Актриса, Хлоя Грейс Морец, Снуп Дог және Финн Вулфард сынды жұлдыздармен бірге лентаны дыбыстағанды.

Мультфильмге саундтрек жазған Кристина Агилера қызыл кілемде жалғызсырап тұруды жөн санамады. Сүйіктісі Мэттью Ратлер мен екі ұлын ерте келген әнші, Tom Ford-тың қара түсті көйлегін таңдапты.

Хоакин Феникске «Оскар» берілсін! Әлемдік прокатта кассалық табысымен топ жарған «Джокерді» киномандар жер көкке сыйғызбай мақтап жатыр. Әсіресе, Хоакин Феникстің рөл сомдауына ауыздарының суы құрып, таң-тамаша болып отыр. Актердың бұл кейіпкерді сомдау үшін аянбағаны анық. Мәселен, ол бір ай ішінде 24 келі салмақ тастаған.

Хоакин Феникс – актер

- Кейде, сценарий оқып отырып, көз алдым бұлдырап кететін. Ал, фильм режиссері Тодд Филлипстің әр айтқан ескертуі жыныма тиетін. Сөз көтере алмайтынмын. Бұның бәрі аз уақытта үлкен көлемде салмақ тастауымның әсері шығар.