Отандық прокатта «оқ бойы озық шыққан» туындылар қайсы?

Сообщить о проблеме с эфиром

Альмира Тұрсын басты ролді сомдаған «Томирис» картинасы отандық кинопрокаттың үздік үштігіне енді. Айналымдағы екінші аптада 110 млн теңгеден аса пайдаға кенелген тарихи лента үшінші сатыға жайғасқан.

Режиссер Ақан Сатаевтың 2 жылдан аса уақыт таспалаған туындысы көрермен көңілінен шыққаны анық. Картинада Тұмар ханшайымның бала күнінен бастап, парсы патшасы Кирді ойсырата жеңген сәтіне дейін суреттелген. Әлем тарихында ерлігімен есте қалған Томирис жайлы фильм, еліміздің ең танымал актерлық құрамымен жасақталған.

АҚШ пен Қытай мемлекеттері бірігіп ұсынған «Эверест» мультфильмі екінші орында. 129 млн теңге қаражат тапқан анимация, Лу есімді кішкентай қыздың бастан кешкен оқиғасын баяндайды.

Шытырманға толы фэнтезиде Лу өзінің досына айналатын Йетиді кездестіреді. Нью-Йорк қаласына байқаусызда тап болатын жануар, енді туған жеріне оралу мүмкіндігін дәл осы Лумен бірге іздейді.

Ал, отандық прокаттың өткен уик-эндтегі көшбасшысы «Джокер» фильмі.

367 млн-ға жуық кіріс көрген картинада, 1980-ші жылдардағы хикая көрсетілген. Сол кездері өмір сүрген Артур Флек есімді комик, айналасындағы адамдардың зұлымдығына тап болады.

Тек көтеріңкі көңіл күймен жүретін Артур, түрлі сатқындықтан кейін, қоршаған ортадан кек алуды мақсат тұтады.