Жақсының аты өлмейді! Алматыда тұңғыш рет марқұм Денис Теннің құрметіне халықаралық турнир өткізілді.

Сообщить о проблеме с эфиром

Бүгін қазақ спорты үшін тарихи сәт! Алматыда тұңғыш рет мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнир басталды. Әлем бойынша 18 мемлекеттен келген, 60-қа жуық спортшы бақ сынасады.

Спорттық шара мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада-2014 ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің құрметіне орайластырған.

Оксана Тен, Марқұмның анасы, «Денис Тен» қоғамдық қорының директоры:

- Бұл Денистің жоспары болатын. Мәнерлеп сырғанаудағы азын-аулақ болса да, еңбегі сіңгенін қалаған еді. Сондықтан, бүгінгі бастама біздің жас спортшылар үшін үлкен серпіліс береді деп сенемін.

Еліміз үшін алғашқы шара болғаннан кейін Қазақстан бойынша барлық бапкер бүгінгі жиында тоғысты. Олардың қатарында Денистің бас жаттықтырушысы Елена Водорезова да Ресейден арнайы келген. Бүгінгі халықаралық турнирде төрешілер құрамында.

Елена Водорезова, бапкер:

- Денис елінің мемлекетінің атағын шығаруды армандайтын. Оны айтып келемін және айтудан шаршамаймын. Денис тек талантты спортшы ғана емес, өз-өзін жан-жақты дамытқан адам еді. Ата-анасының берген тәрбиесі орасан.

Денистің көзі тірісінде жоспарлаған әрбір ісін қазір анасы Оксана Тен жүзеге асыруға тырысады. Перзентінің аты сөнбесе деген ниетте бірнеше жобаларын қатар алып жүр.

Оксана Тен, Марқұмның анасы, «Денис Тен» қоғамдық қорының директоры:

- Өздеріңіз білесіздер Денис көп ән жазып кетті. Енді, соның барлығын топтастарып, бірнеше альбом шығарғымыз келеді. Реті келсе, тұсаукесерді келесі жылға жоспарлап отырмыз. 4 -і мен 8-ші қараша аралығында Сеул қаласында фото көрмесі өтеді.

Айта кету керек, елімізде бұрын-соңды болмаған турнир 12 қазан аяқталады. Әзірге Германия, Израиль, Испания, Корея, Франция, Эстония сынды мемлекеттердің мәнерлеп сырғанаушылары сайыстарын бастап кетті.

Болат Жәмішев, Ұлттық конькишілер федерациясының президенті

- Мәнерлеп сырғанаудан халықаралық деңгейдегі алғашқы тәжірибе. Енді өзімізге сенімді түрде өзге елдермен тең дейгейде өткізе аламыз деп айта аламыз. Осылайша Денис Теннің ізімен, отандық спорт үшін тағы бір жаңа парақша бастадық.

Ұйымдастырушылар да, марқұмның анасы да аталмыш турнирдың жыл сайын өткенін қалайды. Жақсының аты да, заты да өлмеуі тиіс дейді.