Лаки Кесоглудың 80 жас мерейтойы қалай өтті?

Сообщить о проблеме с эфиром

Өнер дейтін майданда өз орнын тапқандар кемде кем. Ал, Лаки Кесоглу болса, сол әлемде кірпіш болып қаланып қана қоймай, қолтаңбасын қалдыра білген майталман. 80 жылдығын дүркіретіп атап өткен әнші, кеш алдындағы әсерімен бөлісті.

Лаки Кесоглу, КСРО Халық әртісі:

-Өте қатты қобалжып отырмын. 80-ге келу оңай емес екен. Бір қуантатыны бүгін үлкен жетістіктерге жетіп жүрген өзімнің шәкірттерім өнер көрсетеді. Бәрі бір ауыздан келісім беріп, шашбауымды көтеріп жүр, рақмет. «Шақырмадыңыз» деп ренжіп жатқан студенттерім де бар. Кеш түгелдей жанды дауыста өтеді.

Арнайы шақыртылған қонақтардың қатарында Динара Сұлтан да бар. Әнші 18 жылдан бері ұстазыммен тығыз байланыстамын дейді. «Егер бүгін шақырту алмасам, онда өзім сұраусыз келіп алар едім» деп қалжыңдады ол.

Динара Сұлтан, әнші:

Менің ең сүйікті мұғалімдерімнің бірі деп айтуға болады және де мен 15 жасымда келген кезде, мен осы Лаки ағайыма келгем оқуға түсуге. Сол кезден бастап қаншама жылдан бері ағайымның қасындамын, жанындамын.

Лаки Кесоглуның шәкірттерінің қатарында Динара Сұлтаннан бөлек, Қайрат Нұртас, Сәкен Майғазиев, Жанболат Ербатыров, Әміре сынды өнерпаздар бар. Нағима Есқалиева «Лаки нағыз өнер дүлдүлдерін дайындап шыққан, дайындап та жатыр» деп бастады сұқбатын.

Нағима Есқалиева, ҚР Халық әртісі:

-Еңбегінің жемісін көрген адам деп Лакиды айтса болатын шығар. Бүгінгі кеш соның дәлелі. Республикалық, халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген жұлдыздардың басым бөлігі осы Лаки Кесоглуның мектебінен шыққандар.

«Ұстазымның шапағатын көп көрдім» деген Сәкен Майғазиев, мұғаліміне жылы лебізін білдіріп, жүрекжарды тілегін арнады.

Сәкен Майғазиев, әнші:

– Лаки Кесоглу ұстазымызға енді 80 жас мерейтойымен құттықтаймыз және 100-ге келген тойын тойлауды нәсіп етсін.

Тәртібі - темір, жүрегі жұмсақ, білімі – мұхит мұғалімдердің тәлімін алғандар, өнер айдынында тайғанамасы анық. Тек ұлағаты өлшенбейтін ұстаздар үйретуден талмаса болғаны.