Күні кеше су жаңа альбомын ұсынған Jah Khalib «iТunes»-тің көшін бастады!

Сообщить о проблеме с эфиром

Jah Khalib күні кеше көпткен күткен су жаңа альбомын жарыққа шығарды. Музыкант 14 тректен тұратын жинаққа «Выход в свет» атауын берген. Себебі, өнерпаз жеке өміріне байланысты біраз қиындықты бастан өткерген көрінеді.

Jah Khalib, музыкант:

- Менің жаңа үнтаспамдамда соңғы кездері өмірімде орын алған оқиғалардың бәрі баяндалады. Жан-дүниемді салып жаздым десем де болады. Кей жерде тіпті қатты ашылып кеттім. Бірақ, бұл жинақ ұзақ уақыт күткен тыңдарманымның үмітін ақтайды деп сенемін.

Jah Khalib -тің тыңдарманға ұсынған күйтабағы, анасы мен бауырларына деген сағыныш, сонымен қоса махаббат туралы композицияларға толы. Түрлі өнерпаздармен коллаборация ұсынған музыкант, тректердің басым бөлігін дуэтте орындаған.

Jah Khalib – Джадуа

ТМД елдеріне танымал әнші, альбомнан өзге, жаңа бейнебаян да таспалады. Үнтаспаға енген «Джадуа» трегіне клип арнаған сері, түсірілім тобын отандық клипмейкерлер арасынан таңдап алған. Онда, Мадияр Сатыбалдиев таспагерлік етсе, Ақбөпе Әбдіраш кейіпкерлердің образына жауапты.

Бақтияр Мамедовтың бұл трегі «iТunes»-тің көшін бастап тұр. Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінде де бірінші сатыға жайғасқан туындыдан бөлек, альбомдағы композициялардың барлығы үздіктер қатарында.

Jah Khalib, музыкант:

- Бұл тек бастамасы ғана, қыста тағы бір бейнебаяным шығады. Оған қоса, көктемге де екі бірдей клип әзірлеп жатырмыз. Тыңдармандарым уайымдамаса деймін, себебі біз әрдайым жұмыс үстіндеміз, ізденісте жүреміз. Сондықтан бәрі тек алда!