Нұртас Адамбай «Әкім» фильмімен қанша миллион касса жинады?

Сообщить о проблеме с эфиром

Отандық киномандар аптаның үздік фильмдерін анықтады! «Тicketon.kz» сайтының мәліметінше, өткен уик-эндте драйвқа толы «Форд пен Феррари айқасы» лентасы кассалық табысымен көш бастайды.

Биографиялық драма айналымдағы алғашқы аптада 192 млн теңгеден астам қаржыға кенелген. АҚШ пен Франция бірігіп таспалаған туынды, америкалық жазушы Э.Дж.Бэймның кітабы желісінде жарық көрген.

Шынайы оқиғаға негізделген туындыда Кристиан Бэйл мен Мэтт Дэймон басты рөлді сомдайды. Фильмде, әлемге әйгілі «Форд» көлігі қарсыласы «Феррариді» 24 сағаттық жарыста жеңбек болады.

Нұртас Адамбай еңбегінің жемісін көруде. Режиссердің «Әкім» фильмі бұл аптада да екінші сатыға жайғасты. Комедия өткен уик-эндте 131 млн теңге кіріс көріп, бүгінде 326 млн теңге қаражат тауып отыр.

Қызыққа толы лента, шенеунік болуға құлшынған Нұртастың, ауылға әкім болып тағайындалуынан бастау алады.

ТОП үштікті 64 млн теңгемен «Чарли періштелері» түйіндейді. Кристен Стюарт пен Наоми Скотт сынды танымал актрисалар бой көрсеткен туынды, 2000-шы жылы жарыққа шыққан аталмыш фильмнің ремейгі саналады.

Атыс-шабысқа толы картина тыңшы қыздардың оқиғасын баяндайды. Арулар қоғамға зиянын тигізген жандарды жазаламақ.