Төтенше жағдай тоқтаса да, Мөлдір Әуелбекова шығармашылығын қолға алуға асықпайды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Төтенше жағдай тоқтатылды! Бірақ карантин режимі әлі де жалғасады. Жақын күнде, жіпсіз тұсау шешіледі деп күтіп, ірі-ірі жоспар құрып қойған жұлдыздар, енді не істейді? Мәселен, Мөлдір Әуелбекова «ауылға аттанамын» десе, Әділжан Омаров «тоқтаймай жұмыс істеймін» деп білек сыбанып отыр...

Елімізде төтенше жағдай аяқталғанымен, ережелері еш өзгеріссіз. Карантиннің ақталуын асыға күтіп отырғандардың қатарында, әртістер де бар. Бірінің түсірілім жұмыстары тұралап тұрса, енді бірі «бастаған бейнебаяным аяқсыз қалды» деп қынжылады.

Ал Мөлдір Әуелбекова болса қалыпты өмірге оралуға асықпайды. Әнші: «жол ашылса болды, ауылға аттанамын. Марқұмдарға құран оқытамын», - деп ниеттеніп отыр.

Мөлдір Әуелбекова, әнші:

- Карантин біткеннен кейін ең бірінші, ауылға барамын. Екі ауылға да барамын, нағашыларыма да барамын. Өзімнің марқұм ата-әжелеріме құран оқытамын. Сондай жоспар әзірше.

Ал «Меломендік» серілерге салса, карантинде әлі жата бергілері келетіндей. Бірақ әнші жігіттер сөздерінің соңында тезірек шығармашылыққа кірісуге асық екендерін айтты. Қала берді, осы екі айға жуық уақыт оларға көп нәрсені түйіндеуге көмектесіпті.

Меломен тобы:

- Ең бірінші тауға кетеміз да бір апта үйге келмейміз. Карантиннен шыққаннан кейін ұйықтаймыз. Шындап келсек, карантин енді біраз нәрсе түсіндірді негізінде. Жақындарымыздың, уақыттың да бір қадірін бір дұрыс бағаламайды екенбіз. Мынау күйбелең тіршілікке кіріп кеткен кезде карантин уақытында үйдегі бір жақсы адамға айнала бастадық.

Ал Әділжан Омаров уақытты текке өткізбей, тың идеялар мен жаңа туындыларды ойша тоқып жатқанын айтады. «Аяқтағы тұсауды шешкеннен, жұмысқа жапа-тармағай кірісетін сияқтымын» деп әзілдеді әнші.

Әділжан Омаров, «Rin`Go» тобының әншісі:

- Енді кішкене концерттер пайда болғаннан кейін ақша түскеннен кейін біз әндерді барып жазамыз, аранжировкаларын барып жасаймыз. Енді қазір жақсы уақыт бар үйде отырып идеяларды қандай ән жазуды, жаңа әндерді, жаңа сөз жазып тұрмын. Енді бұл уақытты мен ән идеясын жинайтын уақыт деп ойлаймын.

Бүгінне бастап елімізде төтенше жағдай тоқтағанымен, дерттің кейбір аймақтарда бәсеңдемеу себебінен карантин белгісіз уақытқа дейін жалғасады. Ал "ауыл аймақты аралап, гастрольдік сапарларға шығамын" деп жоспар құрып қойған әншілер мен кинокөрсетілімдерін кейінге шегерген продюсерлер әлі де тосыла тұруға мәжбүр.