Карантин тәртібі жеңілдесе де, шоу-бизнес өкілдері ұл-қызын балабақшаға жіберуге қорқады!

Сообщить о проблеме с эфиром

Төтенше жағдай тоқтатылып, елде мектепке дейінгі мекемелер ашылып жатыр. Алайда танымалдар ұл-қызын балабақшаға жіберуден қорқатын көрінеді. Мәселен, «Ринголық» Аян Бірбаев кішкентайларын тәрбиешілерге сеніп тапсырудың орнына, бұл істі өз мойнына алған.

Карантин кезінде үйде отырған Аян Бірбаев бар уақытын балаларына арнап жүр. Ринголық әнші «ұлым Әди мен қызым Саяның тәрбиесін толығымен өз мойныма алдым»,- дейді.

Аян Бірбаев, «Ринго» тобының әншісі:

- Қазіргі таңда біздің балабақша, Әдидің баратын балабақшасы әлі ашылмады. Сақтансаң сақтайды дейді. Міндетті түрде осы коронавирус кезінде, пандемия кезінде, карантин кезінде біз балаларымызды қол жууды әбден үйретіп тастадық.

Аян Бірбаев коронавирусқа қатысты қорқыныштары сейілмеген ата-аналардың көп екенін мойындайды. Сондықтан әнші, жас ата-аналарға «сенімсіз болсаңыз, бүлдіршіндеріңізді балабақшаға беруге асықпау керек», - деп кеңес берді.

Айнұр Ильясова да тұңғышының балабақшаға барғанына қарсы. Үйде отырып бәріне үлгеруге болады екен деген ол, карантин кезінде бала бағып, еті әбден үйренген сыңайлы.

Айнұр Ильясова, актриса:

-Мүмкін июньнің, жаңағы маусымның ортасына қарай баратын шығар. Бірақ әзірге бармайды. Үйде енді айналысамыз, ойын ойнаймыз. Кейде сабақ оқимыз, сурет саламыз.

Оның үстіне актриса бұрымдыларын үй тірлігіне араластырып, қыздарының тәрбиесін мықтап қолға алған. Тіпті оның тұңғышының ыдыс жуып, анасына көмектескен видеосы көпшілікті сүйсіндірмей қоймады.

Айнұр Ильясова, актриса:

-Әрине, бала жалығады, ойнағысы келеді, құдайға шүкір көршілеріміз бар. Солардың балаларымен ойнайды.

Айнұрмен салыстырғанда Динара Сұлтан алты баланың тәрбиесімен айналысамын деп, әбден қажыған сыңайлы. Әнші өз парақшасында балабақшаға бармаған ұлдарының бұзықтық жасап, мазасын қашырып жүргенін ашып жазған.

Ал экс-Кешьюлік Айдана Меденова, Ақбота Сейітмағамбет пен Жұлдыз Өмірғали болса, үйде отырып, құлыншақтарының көңілін аулауға барынша тырысып жүр. Әзірге жас аналар тәрбиешінің көмегіне жүгінуге асық емес сыңайлы.