Әнші Назима Мәскеуде жатып күйзеліске ұшырағанын айтып берді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Отандасымыз Назима Қазақстанға келгелі тұңғыш рет сұхбат берді! Әнші карантин кезінде Мәскеуден отанына оралу үшін біраз қиындықты бастан кешкенін, Ресейде күйзеліске түскен күндерін еске алды. Ал «Black Star»-лық орындаушының ендігі жоспары қандай? Өнерпаз түбегейлі шетелге қоныс аудармақ па?

Отанына оралған Назима жанкүйерлерімен жүздесіп, жағымды жаңалығымен бөлісуді жөн көрген. Тыңдармандарын сағынып қалған әнші фанаттарымен фотоға түсіп, автограф беруден қолы босамады.

Nazima, әнші:

- Өзімді керемет сезініп тұрмын. Себебі көпшілік алдына шықпағаныма да біраз болды. Тыңдармандарыммен кездесулерді сағынып қалыппын.

Еске салсақ, Назима карантинді Шымкент қаласында өткізген болатын. Әуел баста әнші елге орала алмай біраз қиналған. Автокөлікпен 4 тәулік жол жүріп, туған жеріне әрең жеткен. Әрдайым іс-сапарда жүретін өнерпаз, «алғашында Мәскеуде жалғыз, төрт-қабырғаға қамалып жату оңайға соқпады», - дейді.

Nazima, әнші:

– Шынымды айтсам ешқайда шықпай, үйде жату өте қиын. Мен Мәскеуде жалғыз өзім қалдым. Апталап жатқаным есімде. Оның барлығы адамның психологиясына кері әсер етеді.

Десе де Назима карантиннің жағымды тұстарын да тізіп кетті. Қызынан жырақта жүретін «Black Star»-лық бикеш бұл жолы отбасының қасында болған.

Nazima, әнші:

– Карантинді кері қабылдаудың қажеті жоқ. Мысалы, мен - бұл бізге берілген мүмкіндік деп санаймын. Себебі, Қазақстанға келіп жақындарымның қасында болдым. Әсіресе қызымның жанында 1,5 ай бойы болу мен үшін бақыт.

Бірақ Назима карантин деп, шығармашылығын шет қалдырмай, бір апта бұрын «Do It» атты су жаңа видеосын ұсынған еді.

Ал халықаралық әуе жолдары ашыла сап, Назима Мәскеуге оралуға ниетті.

Nazima, әнші:

- Қазіргі уақытта Мәскеуге барып, шығармашылығымды қолға алуым керек. Қызымды да ала кетсем деймін.