Карантин жеңілдетілгелі, театр қызу тіршіліктерін бастап кетті.

Сообщить о проблеме с эфиром

Карантин талаптары жеңілдетілгелі, театр актерлары қызу тіршіліктерін бастап кетті. Жаңа енгізілген заң бойынша енді залды 50 пайызға толтыруға рұқсат. Бұл қаулыға сай, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры кезекті қойылымға үлкен жауапкершілікпен кіріскен.

Сымбат Сағындық, тілші:

– Көрерменімен сағына қауышқан театр сақтық шараларын қатаң сақтауда. Көріп тұрғандарыңыздай, адамдар араға екі орындық салып жайғасуда.

Театр директоры – Азамат Сатыбалды: «Жартылай бос тұрған зал көңіл түсіреді. Десе де, осыған да шүкір», -дейді.

Азамат Сатыбалды, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының директоры:

– Бір репетиция болып жатқан сияқты. болмаса бір спектакльдің худсоветке сдачасы болып жатқан сияқты. Ешкім жоқ, бір 50-ақ адам. Шанда-шанда әйтеуір бас көрініп тұрады. Өте қиындау, өте қиын. Бірақ енді осыған да тәуба! Өйткені ашылмай да отырдық қой біраз уақыт, жарты жылдай.

Ал театр әлеміне жаңалық болып келген режиссер – Фархат Молдағали актерлармен дайындық жасаудың жаңа әдісін тапқанын айтады. «Ешқандай санитарлық талап бұзылмады», - дейді ол.

Фархат Молдағали, режиссер:

– Жеке-жеке сахналар бойынша шақырдық. Бір күн үш адам, бір күн төрт адам. Бір күн екі адам, бір күн бес адам. Сондай-сондай, жинап-жинап, ең соңында қазіргі мынау карантиннің жеңілдетілген кезіне келген кезде біз толықтай қайталау, прогон жасауға мүмкіндік алдық.

Америкалық жазушы, драматург Винья Дельмардың «Баянсыз бақ» пьесасын сахналаған Фархат актерлардың қошеметті көксегенін жасырмайды. Тіпті басты рөлдердің бірін сомдаған Рахман Омар: «Тола зал мен көрермен шапалағын сағындық. Содан делебеміз қозатын», - дейді.

Рахман Омар, актер:

– Енді театрдағы ойсырап тұрған орындарды көрген кезде, екеуара бір адам отырған кезде әрине, кішкене басында оғаш көрінді. Әйтпесе аншлаг қой всегда, бірінің үстіне бірі мініп алған көрермен. Бірақ оған да үйренеді екенсің. Әр нәрсенің қадірін білу керек екен, парқын білу керек екен.

Театрдың қайта тыныстағанына қуанып жүрген актрисалардың бірі – Аида Жантілеуова. «Аз адамға да ойнап үйрендік. Бастысы қайтадан жабылып қалмасақ екен»,-дейді ол.

Аида Жантілеуова, актриса:

– 50 адам болған кезде де ой, шүкір, осыған да шүкір. Үйде отырғаннан көрі 50 адамға болсын спектакль ойнайық. Мәз болып қуанып, өз өзімізге мереке сыйлап жүрдік. Ал 100 адам дегенде мүлдем «О» деп толық залға қойылым ойнайтындай күйде жүрміз.