«Патруль» телехикаясы енді польша көгілдір экранынан көрсетілмек!

Сообщить о проблеме с эфиром

Қазақстан телевизия тарихында тұңғыш рет отандық команда дүниеге әкелген сериал мен оның сценарийі шетелдік аудитория үшін франшиза ретінде сатып алынды! НТК арнасы мен Польшалық «Polot media» компаниясы «Патруль» жобасының форматын әрі қарай өндіру үшін келісімге қол қойды. Жағымды жаңалық жоба авторларының өзін таңырқатқаны сөзсіз!

Ақылбек Досжанов, жоба продюсері:

– Эмоция өте күшті болды. Себебі, мұндай жетістік көрші елдер емес, Еуропада, Польша елі сатып алды, франшиза алды дегенде өте қатты қуандық. Енді ойлаңызшы, тарихта бірінші рет Қазақстан сериалы осындай жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Соған қуандық.

Рүстем Омаров, актер, жоба авторы:

– Идея авторы, сценарий авторы ретінде туындыны Польша көрермені көреді деп ойламағанымыз анық. Демек, біз дұрыс бағытта жұмыс істеп келе жатырмыз.

«НТК» арнасы ұсынған «Патруль» телехикаясы қазіргі таңда құқық қорғаушылар туралы әзілге түзілген ең сәтті отандық өнімдердің бірі. Бұл туралы оның рейтингі мен танымалдығы айтса керек. Алайда, тың жоба қарапайым скетч-видеодан басталғанын көбі біле бермейді.

Ақылбек Досжанов, жоба продюсері:

– Ең бірінші негізі ол скеч болатын. Жәй скетч. Ол кезде инстграмның енді шығып жатқан кезі. Жігіттер инстаграмға бірнәрсе түсірейікші деп, идея шықты бір қатігез полицей рөлін ойнап, содан бір скеч жасайықшы деп ұсыныс келді.

Кейіннен, қысқа әрі күлкілі скетч жоба ситкомға айналса, бүгінде оның алтыншы маусымы таспалануда. Идея әрі сценарий авторы Рүстем Омаров телехикая арқылы өмірдегі арманын жүзеге асырғанын айтады.

Рүстем Омаров, актер, жоба авторы:

– Мен өте қатты полицей қызметкері болғым келген. Алайда, кезінде бұл мамандық өкілі атану өте қиын еді. Нәтижесінде қиялымдағы арманым картина арқылы орындалды.

Еске салсақ, «Патруль» сериалына қызығушылық танытқан «Polot media» Польшаның алдыңғы қатардағы, ең беделді продакшыны саналады.