Бір рөлмен танылған актерлар кімдер?

Сообщить о проблеме с эфиром

Ақан Сатаевтың «Районы» лентасы Елтерес Нұржановты бір күнде танымал еткені көпке аян. Бір қызығы, Елтерес әуелде басты рөлге дәмеленбепті де. Күнкөріс үшін нәпақасын түсірілім алаңынан іздеген ол, режиссердің көзіне түсіп, бағы жанады.

Елтерес Нұржанов, актер:

- Анам «фильмнің кастингі болып жатыр, массовкаға түсіп, жоқ дегенде күніне 30 мың табасың, бар»,-деп жіберді. Негізі барғым келмеген, амалсыз келістім. Нәтижесінде, мені басты рөлге қабылдады.

«I go to school»! Дәл осы тіркес «Бизнес по-казахски» фильміндегі Еркошты еріксіз еске түсіреді. Нұрлан Қоянбаевтың картинасында жақындарынан адасып қала беретін жігіттің образы, Рамазан Амантайдың жұлдызын жаққаны сөзсіз. Тіпті, көпшілік Амантай-тегінің шын есімін әлі күнге дейін білмейтін көрінеді.

Рамазан Амантай, актер:

- Көбісі айтады Нұрлан Қоянбаев сенің паспортыңды тартып алған ба деп. Неге ешқайда түспейсің, рұқсат бермей ма деп. Бірақ айтамын, өзім таңдап түсемін киноға. Өзіме осы кісінің кинолары ұнайды.

Осы уақытқа дейін түрлі бағытта, талай туынды таспаласа да, ел Нұртас Адамбайды «Келинка Сабина» ретінде танып алған. Бүгінде продюсердің қоржынында өзі мұрындық болған «Побег из аула», «Тараз», «Лифт», «Аким» сынды көптеген ленталары бар. Десе де, Адамбай-тегі көкейіндегі бір өкінішін айтып қалды.

Нұртас Адамбай, актер:

- Осы уақытқа дейін талай жақсы туындылар түсірдік. Әкім де, басбұзар да болдым. Күйеужігіттің рөлін де сомдадым. Бірақ көшеден, қоғамдық орыннан көріп қалғандардың бәрі «О, Сабина» дейді.

Бір образ бағын жаққан жұлдыздардың ішінде Асылхан Төлепов, Жаһан Отарғалиев, Әйгерім Қалмұратова, Альмира Тұрсын, Terri Tima-лар да бар.