Түркияның танымал рэпері Eypio Қазақстанға келді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Eypio лақап атымен белгілі Абдурахим Акча музыкалық индустрияда 2002-ден бері танылып келеді! Жиырма жылға жуық өнерде жүрген ол, осы уақыт ішінде талай трек шығарып, алыс-жақын шетелдерде әйгіленіп үлгерді. Ал оның Бурак Кингпен бірлесе ұсынған «Günah Benim» атты клипы ютубта 267 млн.нан астам қаралып жинап, көптің қошаметіне ие болған еді.

Eypio қазақстандық әріптестерінің музыкасын да бақылап отырады екен. Мәселен, рэпер Jah Khalib-пен жақсы байланыста. Хип-хоп орындаушының айтуынша, отандастарымыздың бүгінде беталысы дұрыс.

Eypio, хип-хоп орындаушы (Түркия):

– Қазақстаннан талай әнші-муызканттар әлемге танылып жатыр соңғы кезде. Меніңше, қай тілде ән салғаны маңызды емес, бастысы қандай музыка жасап жатыр. Мысалы, Джа Калибтың «Лейла» әні Түркияда танымал болды. Одан бөлек, Иманбек бар. Иманбектің музыкасы әр жерде қосылып тұрады.

Еске салсақ, Eypio қазіргі таңда «O Ses Türkiye Rap» жобасында қазылық етуде. Қазақстандықтардың соңғы кездері Түркия конкурстарына қатысып жүргенін көрген ол, отандық орындаушылардың шет елде болашағы бар екенін айтады. Ал хип-хопердің өзі енді домбыраның үнін қосып, ерек бір трек жазғысы келеді екен.

Eypio, хип-хоп орындаушы (Түркия):

– Этникалық бағытта музыка жасағым келіп жүр. Домбыра сынды муызкалық аспаптардың сүйемелдеуімен.

Алайда, Eypio бұл жолы шығармашылық үшін емес, Қазақстанға танып-білу үшін келгенін айтады. Үш күнге Алматыға табан тіреген ол, қала қатты ұнағанын жасырмайды.

Eypio, хип-хоп орындаушы (Түркия):

– Мұстафа Сандал Қазақстанға жиі келді ғой. Ол Қазақстанға келгенімді ести сала маған хабарласып не үшін келгенімді сұрады. Оның да Қазақстанда жоспарлары жетерлік, дуэт жазып жатыр екен. Болашақта кім білер, бірге келерміз.

Иә, Eypio енді елімізге арнайы гастрольдік сапармен келмек ниетте. Сәтін салса, рэперді келер жылы ақпан айында Қазақстан сахнасынан көріп қалуымыз мүмкін.