Ғалымжан Молданазардың шәкірттері алғаш рет концерт өткізді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Ғалымжан Молданазардың шәкірттері кеш басталмай жатып дайындығын бастап кетті. Продюсер музыканттарын бұл концертке шығару үшін 2 жылдан астам уақыт бойы қоржындарын түрлі әуендермен толтырған екен. Молданазар: «Әуел бастағы мақсатымның жүзеге асқанына қуаныштымын», - дейді.

Ғалымжан Молданазар, әнші:

– Осы балаларды тәрбиелеп бірге өзімнің қасымда жүргеніне екі жылдай, үш жылдай уақыт болды. Бүгін арманым орындалып тұрған сәт. Өйткені бүгін шәкірттерім, інілерім менімен бірге бір сахнада өнер көрсетеді. Осы күнді ұзақ күттім. Бақыттымын.

Молданазардың алғашқы жобасы Орынхан: «Карантин кезінде шығармашылыққа толықтай ден қойдық», - дейді. Продюсері шәкіртінің екі альбомын жарыққа шығарып, тіпті бейнебаянын танымал режиссер Қанат Бейсекеевпен бірігіп таспалаған көрінеді.

Orynkhan, әнші:

– Қанат Бейсекеевпен де бейнебаян шықты. Ол өзінің уәдесін беріп еді. Бір интервьюда саған түсіремін деп. Сол уәдесінде тұрып керемет бейнебаян шықты ғой деп ойлаймын.

Ал Молданазардың екінші жобасы Әли 1 жыл бұрын «Түймедақ» атты ЕР альбомымен дебют алған еді. Өнерпаз жақында ғана кезекті «Марғауым» ән жинағын жарыққа шығарды. Сондықтан музыкант: «Бүгінге жаңалықтарым көп, кешке тас түйін дайынмын», - дейді.

Әли, әнші:

– Концертті баяғыдан өткізгіміз кеп жүрген. Ғалымжан аға жоспарлаған концертті. Бірақ-та, карантиннің кесірінен концерттің болатын күні әрқалай ауыстырыла берді. Енді бүгін сәті түсті. Жаңа әннен поп жанрында орындаймын. Менің ойымша, ол менің тыңдармандарыма кішкене бір өзгеше болды және қызық болатын сияқты.