Шеслана Құсаинова, тілші:
– Дәл осы хабарламаларға жауап беруге асықпаңыз! Себебі бұл алаяқтардың құйтырқы әрекеттерінің бірі. Иә, НТК арнасы ұсынған «Мошенники» сериалының 2-маусымы көрерменге жол тартпақ!
Телехиканың жаңа маусымы алаяқтардың схемаларын таныстыруды жалғастырады! Еске салсақ, аталмыш сериал 2023 жылы жарық көріп, бірден көпшіліктің назарын аудартқан еді. Тіпті туындының әр бөлімі миллиондаған қаралым жинады.
– Екінші маусым сол көрсеткішті басып оза ала ма?
Олжас Нұрбай, режиссер, актер:
– Бүкіл мүмкіндіктер бар. Себебі, осы жолы бізде сапа да мықтырақ. Сценарий де мықтырақ. Өзіміз де біраз енді тәжірибе жинап алдық қой.
– Жаңа маусымда жасанды интеллектке көбірек көңіл бөлгендеріңізді білеміз. Тағы да қандай тақырыптар, қандай схемаларды ашасыздар?
– Криптаволюта, пирамидалар және халықаралық схемалар. Себебі, халықаралық схемалардан біздің де қазақстандықтар біраз зардап шегіп жатыр.
Бұл жолы авантюраға толы ауқымды жоба халықаралық масштабты қамтыды. Шығармашылық ұжым тек еліміздегі ғана емес, өзге де мемлекеттерде іске асып жатқан айлакерлердің құпияларын ашып көрсетті. Ал түсірілімнің негізгі бөлігі Ыстамбұл қаласында өтті.
Олжас Нұрбай, режиссер, актер:
– Біз Түркияның ең үлкен көшесінде түсірдік. Ол жерде күніне 2 миллион адам өтеді. Сонда түсірілім жасадық. Үлкен еңбек жасалды.
Сериалдың актерлық құрамына 90 пайыз өзгерту енгізілген. Шығармашылық ұжымға жаңадан қосылған өнер иелерінің қатарында сұлулығымен талайды тамсандырған Қарлығаш Мұхамеджанова да бар. Танымал актриса жобада Рената есімді аңқау кейіпкердің образында.
Қарлығаш Мұхамеджанова, актриса:
– Кастингтен өткенде өте қатты қуандым. Мықты командамен жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе.
Фариза Ескермес, актриса:
– Ауыр болды. Өйткені шын түрмеде түсірдік. Қорқынышты. Шынайы болды, нағыз қылмыскерлердің түрін көрдім.
Туындыны асыға күткен жандар tv+, unico play, youtube және шетелдік start платформасынан тамашалай алады. Ал көктемде НТК телеарнасындағы ресми көрсетілімі басталатынын хабарлаймыз.
Олжас Нұрбай, актер:
– Бұл біздің кино үшін үлкен жетістік. Біздің сериал әлі сатылған да жоқ, бірақ өзге ел өндірісіне қатысты да, бұл мықты көрсеткіш. Былайша айтқанда түсірілімінен бастап. Ол не деген сөз? Ол ТМД елдерінің үлкен платформалары қазақстандық киноларға сенім арта бастады деген сөз.
– Сериал ұнады ма? Пікіріңізбен бөліссеңіз
Марат Оралғазин, тележүргізуші, шоумен:
– Бұл жай ғана сериал емес. Менің ойымша бұл инструкция. Жалпы алаяқтардың шырмауына түсіп қалмаудың инструкциясы. Сондықтан туындыны бүкіл Қазақстан көруі керек.