Дүрия Қыдырбек, тілші:
6 маусым, 60 бөлім, 154 миллионнан астам қаралым. ТМД-ға танымал «Копы» веб-сериалы енді үлкен экранда! Жабық көрсетелімдеміз.
2020 жылдан бері «Копы» жобасы 6 жыл бойы көрерменге ұсынылып келді. Веб-сериал тек отандастырымыздың ғана емес, алыс-жақын шетелдегі көрерменнің де көңілінен шықты. Сөзімізге миллиондаған қаралым мен көршілес бауырлардың желідегі пікірі дәлел. Енді міне, көптің жүрегінен орын алған туынды толықметр ретінде таспаланды.
Фильм бірнеше елде түсірілген. Картинаның сюжет желісі Алматы, Ташкент, Самарқанда өрбиді.
Абзал Гарифуллин, идея авторы, актер:
- ТМД-ға танымал жұлдыздардың бой көрсеткенін қаладық. Ойлана келе Тамара Музыкантқа таңдау түсті. Өздеріңіз білетіндей ол Ресейдегі танымал актриса. Фильмнен Өзбекстандық талант Айсанымды да көресіз.
Картина бірнеше жанрды қамтиды. «Криминалды драма мен экшн комедияны тоғыстырып, «road movie» жанрын ұсындық», - дейді шығармашылық ұжым. Айтпақшы, Олжас Тоғымбет аталмыш картинада экшн-режиссер ретінде дебют жасаған.
Олжас Тоғымбет, актер, экшн-режиссер:
- Біз екі ай дайындалдық. Қандай да бір диалог болсын, эпизод болсын персонажды анықтап, оны ашу мәселесі бар, сосын оны опрадовать ету керек дейді ғой. Экшнды сата алуымыз керек дейді ғой.
Толықметр қос полицейдің шытырман оқиғасын баяндайды. Бұл жолы екеуі есірткі қылмыскерлерін құрықтауға атсалыспақ.
Ерлан Пірімбетов, актер:
- Кей сахналарды бізді «Nomad Stunts» каскадерлері алмастырды. Токи екеуімізде арнайы дублері болды. Жігіттерге алғысымды білдіргім келеді. Рақмет.
«Копы» веб-сериалының тұрақты көрермені актер Нұркенді жақсы таниды. Сүйікті кейіпкеріңізді толықметрден іздемеңіз. Себебі:
Нұркен Иманқұлов, актер:
- Осы сұрақ көкейімде жүрді. Подкастқа шығам-ау. Бұл албастылар сериалда пайдаланып алды да, толықметрге шақырмады. Абзал, Ерла көресіңдер ғой. Мен қатты қынжылып тұрмын, но поддержать етуге келдім. Әзіл, әрине...
Шығармашылық ұжым ұсынған статистикаға сүйенсек, жобаны Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, тіпті Германия, Украина мен Чехиялық көрермен де үзбей көреді. Сондықтан толықметрді де шетелдік прокатқа ұсынбақ.
Абзал Гарифуллин, идея авторы, актер:
- Веб сериалды ТМД жұртышлығы көреді десек артық айтқанымыз емес. Статистика солай деп көрсетіп жатыр.
- Ал толықметр алыс жақын шетелдерге шығады ма?
- Қырғызстанда көрсетпекпіз. Өзбекстандағы көрерменге де ұсынсақ деген жоспар бар. Қазір РФ-мен келіссөз жүріп жатыр.
Фильм бүгіннен бастап үлкен экранда. Қос полицей өкілдерінің құрығы қалай аяқталатынын білгіңіз келсе, кинотеатрға асығыңыз.