Роза Рымбаева, Қазақстанның Халық әртісі, әнші:
– Жалпы менің түсінігімде отбасының тіршілігі, әрі қарай жалғайтын, менің орынымды басатын Ақерке біздің отбасымызда. Осы отбасының тіршілігін, саясатын, дәстүрін, қонақ жайлылығын, жалпы туған-туысқа деген көзқарасты жалғастыратын Ақерке. Осы отбасының отанасы - Ақерке.
Роза Рымбаева жақында берген сұхбатында келіні жайлы сөз қозғады. Қазақстанның алтын дауысы тілге тиек еткен ене мен келін мәселесі қоғамды ойландырмай қоймады. Елде өршіп тұрған тақырып болғаннан ба, әйтеуір айтқан кеңесі кең таралып, бірден қолдау тапты. Әңгімесіне құлақ түріп Ақерке Бүркітбайдың қандай керемет келін екенін ұқтық. Ал Роза Рымбаева қандай ене?
Ақерке Бүркітбай, әнші:
– Мен де анам туралы ауыз толтырып айта аламын. Себебі, ол кісі өмірлік тәжірибе көрген, сахналық тәжірибе көрген. Менің барлық жағынан аларым бар. Әнші ретінде де күнделікті сөйлесуіміз сабақ деп айтар ем. Десе де, соңғы сұхбатындағы енемнің сөздері жауапкершілік артады. Сай болуға тырысамын.
Сұхбатты мұқият тыңдаған халық Роза Қуанышқызы келіннің мәртебесін биік қоятынын білді. Концертінде Ақеркемен бірге ән айтып, кеш шымылдығын ашқанын да жоғары бағалап жатыр. сөзбен айтқанын іспен дәлелдегендей әсер қалдырды дейді көпшілік.
Ақерке Бүркітбай, әнші:
– Менің басты міндетім үйдегі жағдай, баланың балабақшасы, оның сабақтары болды. Сахна сыртындағы жауынгермін ғой. Ал музыка, команда таңдау Әли мен Мәдидің еңбегі.
Роза Қуанышқызымен дуэт орындау кімнің болса да арманы екені сөзсіз. Бірақ Ақерке енесімен ән жазуға асықпайды. Себебін былай түсіндірді.
Ақерке Бүркітбай, әнші:
– Негізі мен қарсымын, анамнан бөлек тіпті Әлимен дуэт орындауға. Көп ұсыныстар айтады халық Әлимен дуэт айтуға. Бірақ, мен қарсымын шынымды айтсам, әзірге ондай ойым жоқ. Себебі, өнер мен өмірді ажыратып ұстауға тырысамын. Онсыз да өміріміз елдің алдында. Өміріміз өзімізге қалсын деген ойым бар.
Десе де уақыты келгенде тың туынды ұсынамыз дейді. Ендеше сәтін салсын дейміз.