Мемлекет жүкті әйелдерге қандай медициналық көмек көрсетеді? Тегін скринингтер мен тексерулер қалай ұйымдастырылған? Босанғаннан кейінгі жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерге қалай қол жеткізуге болады? Бұл ата-ана атануды жоспарлап жүрген жандарды толқытатын сауалдар. Айнұр Ілиясова қоғамды ойландырған осы және басқа да маңызды сұрақтарға жауап табу мақсатында Шексіз ата-ана деп аталатын деректі фильм дайындады.
Айнұр Ілиясова, актриса, продюсер:
– Қандай емханаға бару керек, қандай перзентхананы таңдай аласың, құқығың қандай, босанған кезде де құқың бары көрсетіледі. Соның бәрі бір кинода көрсетілген. Кішігірім шығармашылық ұжыммен жасалған ізгі ниетіміз деп ойлаймын. Және таза өз қаражатыма түсірілген жоба.
Продюсер бастаған шығармашылық ұжым 80 минуттық жобаны 2 жыл бойы тыңғылықты дайындаған. Деректі фильмде медициналық және әлеуметтік мәселелер ғана емес, ананың психологиялық саулығы мен қазақ халқының бала тәрбиесіне қатысты дәстүрлері де көрсетілген.
Айнұр Ілиясова, актриса продюсер:
– Бұл жобаның ерекшелігі – өзіміздің салт-дәстүрімізді көрсеттік. Қырқынан шығару, тұсаукесер деген әдемі дәстүрлерді көрсетуді жөн көрдік.
Фильмде кейіпкерлер өз тәжірибелерімен бөліседі. Мәселен блогер, тележүргізуші Камила Саян босанғаннан кейінгі күйзелісі жайлы ашық баяндайды. Психотерапевт мамандар оның бұл жай-күйіне кәсіби түсініктеме береді. Оқиғасымен бөліскендер қатарында актриса Гульнара Сильбаева да бар.
Гульнара Сильбаева, актриса:
– Мен өзім шала туған баланың анасымын. Сол сәтті есіме алсам, оңай болған жоқ. Сол кезде мен не істеу керегін, қайда жүгінерімді білмедім. Сондықтан мен 7 айлық нәрестелердің аналарына қажет болар деген ақпараттармен, жай күйіммен бөлістім.
Деректі фильм Халықаралық Нойда фестивалінің шорт-листіне іліккен екен. Айта кетейік, жобаны дайындаған шығармашылық ұжым толығымен қыздардан құралған.
Сая Оразғалиева, актриса:
– Бүгін Айнұрды қолдап келдік. Әдеттегідей таңғалдырды. Бұл жобасында да маңызды тақырыптарды көтерген. Әйелдер бағалайтынына сенімдімін. Себебі, көпшілік біле бермйетін маңызды ақпараттар айтылмақ.
Маңызды мәселелерді көтеріп, тың жобалар ұсынатын Айнұр Ілиясованы қолдай келгендер қатарында журналист Дина Төлепберген де бар. Құрбысының жұмысын әйелдерге арналған таптырмас нұсқаулық деп бағалады.
Дина Төлепберген, журналист:
– Мұндай контент керек, қазақ әйелдерін сауаттандыру керек. Бала туу өнер әрине десе де медицианалық тұрғыда өз-өздерін қорғай білу, одан соң әлеуметтік мекемелерге орналастыруда қиындықтарға тап боп жатырмыз.
Шексіз ата-ана деректі фильмін ютуб платформасынан көре аласыз. 3 күн бұрын көрерменге ұсынылған жоба 12 мың қаралым жинаған екен. Оқырманның пікіріне қарап-ақ қаншалықты пайдалы туынды болғанын аңғару қиын емес.