Celebrity child harassment! Танымалдардың балаларына бағытталған қудалауды ғылыми тілде осылай атайды. Бұл құбылыс Голливудта белең алғалы қашан. Тіпті осы онлайн өшпенділіктің салдарынан әлемдік жұлдыздар балаларын тасада ұстауды ұйғарған.
Мәселен, Ким Кардашьян қазір кішкентайларының суретін жүктемейді. Әлеуметтік желідегі парақшалары да жабық. Мұндай шешімге келуіне бір кездері оқырман тарапынан жасалған қоқан-лоқы себеп болған.
Әдетте жұлдыздарды жерден алып, жерге салатын біздің хэйтерлер балаларына да тыныштық берер емес. Nepo baby-лер отырса опақ, тұрса сопақ. Киімі, макияжы, биі, сөзі, тіпті өзі де ұнамайды оларға.
Біренеше ай бұрын Алау Қайратқызы өзіне жазылатын теріс пікірлерді көзге ілмейтінін айтып еді. Бірақ өткен апта хэйтерлерге үн қатты. Қаршадай қыз желіде жекитіндерден шаршағанын жеткізді. Осы тұста танымалдар арасында сауалнама жүргіздік.
Аша Матай, тележүргізуші:
– Негізі «бұл парақша анасымен жүргізіледі» деген жазуы бар. Әр салған контентін қадағалап тұрамыз. Кейде біз жоқ кезде, салып қояды мен сол кезде қарап, өшіріп тастайтыным да бар. Бізде иммунитет. Ал балаларымызға бір жаман коментарий жазылса әрине біз оны қадағалаймыз. Өшіреміз, бұғаттаймыз деген сияқты.
Гульнара Сильбаева бір кездері балаларын тасада ұстаған еді. Бірақ қазір көп көзінен жасыруды доғардым дейді. Себебін былай түсіндірді.
Гульнара Сильбаева, актриса:
– Бұрын баламды ешкімге көрсетпейтінмін. Себебі мынада. Қазір жасанды интелект дамып жатыр. Адамдар оны теріс мақсатта да пайдаланады. Сондықтан кішкентайларымның бет-жүзін пайдалана ма деп қорықтым. Бірақ қазір желіге суреттерін де видеоларын да жүктеймін. Бұдан сақтанудың басқа жолы керек деп ойлаймын.
Ал Дина Төлепберген болса, баланың суретін желіге жүктемес бұрын, одан рұқсат сұрау керек дегенді алға тартады. Өзім де ұлдарымның мақұлдауын күттім дейді. Бірақ 14 жасқа дейін смартфон ұстатпайтын көрінеді. Психологиялық тұрақтылығы қалыптаспаған бала ақпаратты қабылдауға дайын емес. Сондықтан оларды онлайн қауіптен осылайша қорғаймын дейді журналист.
Дина Төлепберген, журналист:
– Егер баланың бұл өмірге берер құндылығы бар болатын болса. Онда окей мен келісемін. Ал жәй ғана білмеймін ішкен-жегенің қайда барғанын, демалғанын көру мәселен мен үшін қызық емес. Одан да менің ойымша әрбір ата-ана өзінің баласына жауап беру керек. Егер сондай контентке қызығатын болса демек баланы өсіру керек.
Жанболат Найзабеков те осындай пікірде. Тіпті талантты баланы да тіл көзден сақтаған дұрыс дейді.
Жанболат Найзабеков, актер:
– Жалпы өз басым негізі қарсымын. Баламыз қатты талант болатын болса бір жерді тесіп шығады. Мен ол нәрсеге ештеңе жасай алмаймын. Оны уақыт көрсетеді.