Disney-дің жаңа туындысы үлкен экранда!

Сообщить о проблеме с эфиром

Шеслана Құсаинова, @sheslana_kusainova

Марат Оралғазин, Дильназ Ахмадиева, Санжар Мәди. Аты аталған медиа өкілдерін не байланыстыруы мүмкін? Танымал өнер иелері Disney-дің жаңа кейіпкерлерін дыбыстайды. «Элио» мультфильмінің премьерасындамыз!

 

Disney-дің кезекті картинасы «Элио» көрерменге жол тартты! Әлемдік компанияның су жаңа туындысын қазақ тілінде сөйлету мәртебесі біз үшін үлкен жетістік дейді дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев:

Шах-Мұрат Ордабаев, дубляж режиссері:

– Бұл еріккеннің ермегі емес. Солай болып көрінуі мүмкін. Неге осы жұлдыздарды шақыра береді, неге қарапайым әртістер толып жатыр ғой. Сөз жоқ, толып жатыр. Қарапайым әртіс ешкім жұмыссыз жүрген жоқ, Құдайға шүкір! Мұның барлығының мақсаты, мүддесі басқа. Тіл үшін жасалып жатқан нәрсе. Көрермен бұны көру керек.

– Бұдан алдыңғы жобадан осы жолғы жобадағы актерлер несімен ерекшеленеді?

– осы "Стич" пен "Элио"-ның ерекшелігі — бізге ән айтатын әртістердің қажеті болмады, драмалық негізі, драмалық тұғыры бар мектебі бар әртістер керек болды. Осы жағынан іздедік. Тіл тазалығы, жаңағыдай сөз саптауы, актерлік шеберлігі және бұған дейін жалпы жобаларға қатысу, бэкграунд осындай нәрселерді зерттедік

 

Disney кейіпкері Хеликс тілшіні елімізге белгілі шоумен Марат Оралғазин, ал Тегмен есімді персонажды Олжас Әлжанов дыбыстап, дубляж саласында дебютант атанды.

– Бұл алғашқы жобаңыз ба дубляж саласындағы?

Олжас Әлжанов, актер:

– Негізі осындай халықаралық жобада иә алғашқы. Мен негізі көргенмін әртүрлі кастингтерге барып, бірақ осы жоба — менің алғашқы жобам.

– Алдағы уақытта тағы да ұсыныстар болса, қабылдайсыз ба?

– Негізі режиссер келген кезде айтты: «келесі жобада бір жақсы тағы да басқа бір кейіпкерлерді беруге тырысамыз», деді.

Іріктеуге 1 апта, ал дыбыстауға бар болғаны 10 күндей уақыт жұмсалған. Режиссер сұқбат барысында таңдалған актерлердің ішінде ерекше көңілден шыққан өнер иесінің есімін атап өтті.

Шах-Мұрат Ордабаев, дубляж режиссері:

– Менің ойымша, өте жақсы өз жұмысын жасап шыққан, мысалы орыс тілді жобасында өз жұмысын жасаған, өте жақсы жасаған Санжар Мәди.

Санжар Мәди анимациялық фильмде профессор Гюнтор Мельмакты сөйлетті. Осы күнге дейін Disney-дің бірқатар кейіпкерлерін дыбыстап жүрген тәжірибелі актер «Элио» жобасында біраз кедергіге тап болған-ды.

Санжар Мәди, актер:

– Жұмыс процесі бар болғаны бір күн уақытымды алды. Менің анимациялық фильмдерді дыбыстауда үлкен тәжірибем бар, сондықтан режиссермен бірге бір толқында болдық деп айтсам болады.

– Қиын сәттер болды ма? Бір дубль қайта-қайта болып?

– Бұл мамандықтың иесі болу оңай емес. Маған ең қиын болғаны липсингке дәл түсу және хронометражға сай сөйлеу.

Ал актриса Дина Тасбулатова дубляж саласында жаңа қырынан ашылып, көптен бергі арманы орындалғанын айтып ағынан жарылды:

Дина Тасболатова, актриса:

– Кейіпкерімнің аты – Наос. Эпизодтық рөл деуге болады. Бірақ мен үшін дубляж әрдайым қызық болған. Өзімді осы салада сынап көру менің арманым еді. Енді орындалды!

 

Walt Disney Pictures пен Pixar Animation Studios ұсынған «Элио» мультфильмінің месседжі – достыққа сену. Басты кейіпкер өзге ғаламшарлықтарды іздеу мақсатында шытырманға толы саяхатқа аттанады. Қайтпас қайсар мінезінің арқасында өзінің жаңа қырларын ашып қана қоймай нағыз достыққа қол жеткізеді!

– Трейлерін көрдіңіз бе?

Нұрай Жеткерген, актриса:

– Трейлерін көрдім. Дайындалып келдім. Басында негізі келмеймін ау деп ойладым. Бірақ трейлерін көргеннен кейін білмеймін. Қатты барғым келіп кетті. Өзім негізі мультфильмдерді өте қатты жақсы көрем.