Нұрлан Қоянбаев комиктерге сын айтатындарға жауап берді!
Мөлдір Нұрғалиқызы, тілші
– «Ауруын жасырған өледі!» дейді біздің қазақ. Ал күлкі дертке ем. Мәселеңізді майшаммен емес, әзілмен қарастыратын әзілкеш Руслан Тай мен Тілеген Еркінбеков сіздің проблемаңызды шешпейді, тек ушықтырады!
– Сіздерге нешетүрлі оқиғамен келіп бөліседі ғой. Ең қызығы, өзіңізге сондай бір күлкілі болып көрінгенін айтыңызшы?
Руслан Тай, стендап-комик:
– Инстаграмға күніне 40 проблема келеді. Көшеде ұстап алып, адамдар проблема айтады. Халайық, біз психолог емеспіз негізі. Ой күлкілі емес шынымды айтсам. Жастар кәдімгідей өздерінің проблемаларын айтады. Кәдімгі күлетін жері жоқ. Қиын тіпті кейбір кезде.
Жұрттың мәселесін шешуге көмектесіп жүрген комиктердің өз жағдайы көңіл көншіте ме? Әзілкеш Нұрлан Қоянбаев, қазақы қалжыңның жайын тілге тиек етті.
Нұрлан Қоянбаев, кинопродюсер, әзілкеш:
– Әзіл саласы бізде қоғамда көп баға бермейді ғой. Өйткені мән-мағынасы жоқ дейді. «Неге күле береді, ыржың-ыржың»- деген сияқты. Жалпы елімізде позитивпен айналысатын адамдар болу керек. Көңіл-күйді де көтеру керек қой. Комедия саласы көп ақша да таба алмайды. Бірақ, кезінде де, қазір де көп жастар тек қана ақша үшін жүрмейді. Өздеріне сол ұнайды. Халықтың көңіл көтерілгені, содан бір энергия алады.
Руслан Тай, стендап-комик:
– Қазір біздің әзіліміздің статусы, деңгейі ТМД бойынша, сенімдімін біз бірінші орындамыз! Себебі, мына көрші елдердің қаншама қоятын шарттары бар. Бізде салыстырмалы түрде еркіндік бар. Еркіндік бар жерде күшті шығармашылық та бар.
Стендап жанрының болашағы бастапқыда бұлыңғыр еді. Бірақ араға уақыт салып, жанкүйері артты, тіпті үлкен залдар жинай бастады.
Тілеген Еркінбеков, стендап-комик:
– Америкада 40-50 жастағы өмір туралы әзілдей алатын комиктер көп те, ал бізде енді жас буын шығып жатыр да.
– Қанша жасқа дейін стендап-комик болуды жоспарлап отырсыз?
– Стендап-комиктің жасы өскен сайын, соғұрлым оның өмірлік тәжірибесі мол болады, соғұрлым керемет әзілдер шығады. Сол себепті, өмірімнің соңына дейін шамам келгенше стендап-комик болып өтемін.
– Басқа бағытты көрмейсіз ба?
– Іздеп-іздеп әрең тапқан бағыт айналайын. Күзетші де болдым, IT саласында да істедім. Барлығынан өтіп, өзіме ұнайтын мамандық таптым.
– Билеттің құнына тоқталайықшы, ең бірінші қазақша стендап ашылған кезде билеттің құны арзанырақ болатын, келетін адамдар да азырақ болатын. Қазір?
Руслан Тай, стендап-комик:
– Билет бағасы 2000 теңгеге қойған кездері, күмәнданатынбыз. Ал қазір шүкір, 15 000 -25 000 теңгеге қойып жатырмыз.
Жұмысына адал әзілкештер, монологтарын тек қазақша ғана оқып қоймайды. Кемінде 2 тілді аудиторияға ұсынады.
– Сіз 2 тілде стендап оқисыз?
Руслан Тай, стендап-комик:
– Қазір мына жерден шыққан бойда барып, ағылшын тілінде өнер көрсетіп келу керек. Сосын қайтып келіп, қазақша. Иә, үш тілдегі әзілкешпіз ғой.
Қоғамдағы келеңсіздікті қалжыңмен қағытып, ащы шындықты әдемі әзілімен жеткізу - бұл да бір өнер. Жаңа дәуір жасағысы келетін жастар қарқын алып келеді. Осы тұста Нұрлан Қоянбаев, іні буынға қолдау көрсетіп, қазақы қалжыңды жаңа деңгейге көтеруге үндеді.
Нұрлан Қоянбаев, кинопродюсер, әзілкеш:
– Мен білем ғой енді бұл стендап болсын, басқа да жобалар басында қаншама кісілер бір жерді жалға алады, бір шоу жасайды, оның ақшасы шықпайды. Бірақ содан шаршамай, осындай дәрежеге жетіп отыр. Сондықтан ондай жігіттерді қолдау керек. Өйткені оңай емес, қазіргі заманда осындай халықты жинап, олардың көңіл-күйін көтеру мақтарға тұрарлық дүние.