«91» тобына 10 жыл! Q-pop корольдері камбэк жасай ма?
Шоу-бизнесті шулатып, тыңдарман санасында төңкеріс жасаған жігіттердің құрылғанына биыл 10 жыл. Бастапқыда топтың сахналық стилін сынға алды, музыкалық бағытынан ілік іздеді. Жаңашылдыққа балағандардан гөрі, еліктеушілік деп танығандар көп болды. Бірақ НТК қазақ жастарының өзгеше бастамасын ұғып, 91 тобына қолдау көрсетті. Осылайша эксклюзивтің бәрін қолдаушылар мен хэйтерлер НТК телеарнасы арқылы білді.
Алғашқы 5 жыл топ үшін оңайға соқпады. Көпшілік кештерін кейінге шегертіп, концертті болдырмау үшін барын салды. Осы тұста оларға өздері жайлы кеңінен айтып, арман қуған қарапайым жастар екенін ұғындыру маңызды болды. НТК жігіттердің ішкі қалаулын ұғып, алаң ұсынды. 2018 жылы біздің арнадан «91» TV шоуы жарық көрді. Иглздар тек сахнадан көретін мемберлерінің күнделікті тіршілігінен хабардар болуға мүмкіндік алды.
Араға екі жыл салып, Q-pop корольдері тағы бір туындының тұсауын кесті. Топтың құрылу тарихынан сыр шертетін деректі фильм көрерменнің көңілінен шықты.
Асқар Ұзабаев, режиссер:
– Біз «91» мен жоба түсіргенде оларды көшеден тани бастаған еді. Мен сол сәтте жігіттерді қаншалықты жақсы көретінін және қаншалықты жек көретінін сезіне алдым.
Жатырқай қараған отандастары бой үйреткен соң, жігіттер шетелдік нарықты бағындыруға бел байлады. Бұл маңызды қадам да біздің обьективтен көрінді.
Ерболат Беделхан, продюсер:
– Келесі жылы сол Америкаға жол жүреді. Негізі осы жылдың осы, желтоқсан айында ұшу керек болатын. Бірақ тағы да бір пандемияға қалып қойды. Бірақ келесі жылы наурызға қаратай ұшып кетеді.
Продюсер Ерболат Беделхан 2020 жылы АҚШ-тың 4KZ ұжымымен келісімшартқа отырып, бойз-бендті жаңа деңгейге шығаруға барын салды. Консалтингтік компания өкілдері де жігіттер үшін аянып қалмады. Сол уақытта 91-ліктер Бейонсе, Рианна, Джей Ло сынды топ әншілермен жұмыс істеген хореограф Аманда Фернандеспен жаттықты.
Үш жылдық келісімшарт мәресіне жетпей жатып топ тағы бір мәлімдеме жасады. Шұғыл пресс-конференция ұйымдастырып, продюсермен жұмыс тоқтайтынын хабарлады.
Zaq, «Ninety one» тобының мембері, рэпер:
– Жәй ғана келе салған әңгіме емес. «91» тобы тәуелсіз жұмыс жасайды JUZ Entertainment-тен.
Топтың тасы продюсерсіз-ақ өрге домалады. Бір жыл бойы тур ұйымдастырып, 2023 жылы 12 мың адамдық аренада қорытынды кеш өткізді.
«Ninety One» тобы:
– Ерболат аға сәлеем! Сәлеем әке! Барынша Ерболат ағаның қойып берген негізі жолынан аса қатты таймай, жинап берген абыройын шашпай барынша шыдадық деп ойлаймыз.
Осы кешке бірер күн қалғанда топтың демалысқа шығатыны жайлы сыбыстар тарады. Желіде желдей тараған ақпараттың рас-өтірігін анықтаған ек.
«Ninety One» тобы:
– Мүмкін 1 жыл... 2-3 жыл ешкім білмейді.
ЗКТ: 2 жыл! Топ нақ 2 жыл демалды. Енді камбэк жасап, оралатындарын хабарлады. Көптің көкейінде бір ғана сұрақ. 2020 жылы топтан кеткен AZ қайта қатарға қосыла ма?
AСЕ, «Ninety one» тобының мембері:
– AZ: «91 тобына қайта оралғым келеді, жігіттер қарсы болмаса...» дегенге келтірді. Сіздер осы мәселені қарастырдыңыздар ма?
– Біз әлі ол жайлы талқыламадық. Сөйлеспедік. Ештеңе айта алмаймын.
10 жыл, мыңдаған жанкүйер, ұмытылмас сәттер. «91» демалыстан «IYA IYA» әнімен камбэк жасамақ. Тыңдарманды қуанту үшін тағы біраз жұмыс атқарып жатырмыз дейді.
Авторы: Д. Қыдырбек