«Үйлену оңай.» Қазақстандық киноиндустрия тағы бір туындымен толықпақ.
Фильмдегі рөлдердің бірі Асель Садвакасованың еншісінде. Актриса «сценарийді оқығанда, менің өмірім жазылғандай күй кештім»,- дейді.
Асель Садвакасова, актриса:
– Киноның желісі өте керемет жазылған. Кейіпкерім екеуіміздің ұқсастықтарымыз жетерлік. Оның да есімі де Әсел. Ол да психолог. Ең қызығы, ол да мен сияқты өзінен жасы кіші жігітпен белгілі бір сезімдерді бастан өткереді. Оқып отырып, сценаристер менің өмірімді есепке алып жазған ба деп ойладым. Жалпы осындай тақырыптар жайлы ашық айта алатын уақыт келді деп ойлаймын.
«Сценарийде жазылған әр сәт, айтылған әр сөз сол кездерді еске түсірді»,- дейді. Бұлай деп күрсінуі де бекер емес. Өзінен 7 жас кіші жігітке тұрмысқа шыққан актриса 1 жыл бұрын ажырасқанын хабарлаған еді. Енді жанын сыздатқан сол сезімдерді фильмде қайта өткермек. Айта кетейік, ескі махаббатын еске салатын Асельдің жас ғашығын Санұржан Сүлеймен сомдайды.
Санұржан Сүлеймен, актер:
– Жалпы өмірде жасы үлкен өқыздармен бас қосуға қалай қарайсыз?
– Білмеймін мен алдын-ала айта алмаймын.Бірақ, бір жаста болып бір-бірін түсінбегеннен гөрі әртүрлі жаста болып бір-бірін түсінген жақсы деп ойлаймын.. Кейіпкерім – Айдар. Сценарист, Алматыда сценарий жазып жүрген бала. өмірі бір мезетте өзгереді. Себебі, жылулық сыйлайтын адам кездестіреді.
Кастқа таңдалғандар қатарында Алау Қайратқызы да бар. Nepobaby кәмелеттік жасқа толмағандықтан, продюсермен арадағы барлық келіссөздер анасы Жұлдыз Абдукаримовамен жүргізілген екен.
Алау Қайратқызы, актриса, Қ. Нұртастың қызы:
– Мен Асель Садвакасованың қызының рөлін сомдаймын. Жасөспірім қызды ойнаймын. Кинодағы жасым 15-16.
Шығармашылық құрамда Берік Айтжанов, Ақбота-Нұр Абайқызы, Құмар Лұқманов, Рүстем Жаныаманов пен Әсел Қалиева бар. Продюсер кіл мықтыларды көндіру оңайға соқпады дейді. Бірақ басым бөлігі алғашқы толықметрін қолдауға асыққан көрінеді.
Ай-Керім Самалбекқызы, кинопродюсер:
– Гонорар мәселесі де, графиктерімен келістіру де қиын болды. Өзімнің қалаған, психотип бойынша келетін актерлар келдің. Оларға алғысым шексіз.
Продюсер фильмде отбасылық мәселерді қозғамақ. Нақ осы тақырыпқа тоқталуына сұмпайы статистика әсер еткен екен.
Ай-Керім Самалбекқызы, кинопродюсер:
– Біз ажырасу бойынша 2-орында тұр екенбіз. Биыл бұл мәселеге президенттің өзі назар аударған болатын. Сондықтан осы тақырыпта фильм түсіріп жатырмыз. Картинаны көрген әр адам өзін, өзінің қателігін көргендей болады. Басты мақсатым көрермен өзімен жұмыс істейтін болса, мақсатым орындалды деген сөз.
Фильмнің сценарийі 9 ай жазылған екен. Толықметрдің желісі тек әйелдердің не ерлердің күйін күйттемес үшін, бірнеше авторлар таңдалған. 19 күн түсірілген жоба үлкен экранға 2026-жылдың наурызында жол тартады.